Елбасы музейі жаңа ғимаратқа көшті
16 жыл бойы Тұңғыш Президенттің алғашқы резиденциясында орналасып келген музей енді сол жағалауда зәулім әрі замануи ғимаратқа ауысты.
«Елдің тарихы мен Елбасы еңбегін ескі ғимаратта да танығысы келгендер аз болған жоқ», – дейді музей қызметкерлері. Енді тіпті көбейе түседі деген сенім бар.
Есілдің сол жағалауы – 40 мың шаршы метр. Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихын енді осы жерден табасыз. Әрине, елдің кешегісін бір кешенге сыйғызам деу әбестік болар. Әсіресе Елбасының еселі еңбегін. Енді ел мен Елбасының жүріп өткен жолына жаңа ғимаратта, жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туды.
Күләйша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары:
– «Біздің музей қорымызда біраз құндылықтарымыз жинақталған. Ол құндылықтардың саны 11 мыңнан астам. Сондықтан енді айтайын дегенім, оның қатарында, әрине, әрбір жәдігерді алған кезде ол ерекше орны бар, маңызы бар. Осы салынған жаңа ғимаратта тәуелсіз Қазақстанның жолын, Елбасының еңбек жолы арқылы көрсетуге тырысып жатырмыз.
Бұған дейін Елбасының музейі оң жағалауда Тұңғыш Президенттің алғашқы резиденциясында орналасқан еді. 2004 жылы ашылған музей 16 жылда толықты, ғимарат тарлық етті. Ал мына ғимарат – әуелі сол тарихқа деген құрмет. Жаңа музейдің басты әрі басым екі ерекшелігі бар. Олар cәулет өнерінің сұлулығы мен тың технологиялық шешімдер. Әсіресе жастар үшін көз тартар көрініс.
Шәкәрім Сейсенбай, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
– Жастарға өте тартымды болады деп сенемін. Себебі тек қана экспонаттар ғана емес, оларды барынша 3д форматта неше түрлі графикамен, светтермен әдемі жасалған. Менің ойымша, бұл өте қызық әрі пайдалы.
Тарих пен тұлға. 11 мыңнан астам жәдігер. Елбасының жастық шағы, еңбек жолы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, құнды құжаттар, Елбасының қолжазбалары. Айтпақшы, музейге бас сұқсаңыз, мына қалың кітапты ашпай кетпеңіз. Бұл туындыны осы музейдің қағаз кейпіндегі нұсқасы деуге де болады. Кітаптың авторы әрі бас редакторы Тұңғыш Президент Кеңсесінің жетекшісі – Махмұд Қасымбеков.
Жаңа ғимараттың тағы бір ерекшелігі, музей бөлмелерге бөлінбейді, жылыстай жүріп, жылдар мен жылнамалардың, ел үшін маңызды оқиғалардың ортасынан шығасыз.
Марианна Крякушина, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
– «Мені бір таңқалдырғаны, осынша ақпаратқа қарамастан музейді аралағанда бойыңда ерекше жеңілдік қалады. Бұл бәлкім, әйнек пен ақ мәрмәр тастың үйлесімдігі болар. Көзге тым тартымды. Қатпарлы тарихтың ашықтығы бір бөлек, мұндағы әрбір жәдігер қолжетімді.
Қолжетімділік – музейдің макетін бүге-шегесіне дейін ойластырған отандық мамандардың басты ұстанымы болатын. Ол үшін озық технологияларды пайдаланды. Сонысымен ұтымды. Мысалы, мына планшетті жәдігерге тақасаңыз болды, теңгенің бедерінде бейнеленген ұлттық таңбалар «тіріліп» кеткендей көрінеді.
Елбасының сырт елдерге сапары, әлем мінберлерінен айтқан мәлімдемелерін де осында тыңдауға мүмкіндік бар.
Мәртебелі марапаттар, әуелі әріптес, сосын дос атанған саясаттағы саңлақтардың сыйлықтары. Тұтас бір қабырға – қынабы қалың қылыштар. Елбасы қолы қалт етсе – қазақтың қара домбырасын күмбірлетеніні бар, домбыра үні енді мұнда да үзілмейді.
Музейдің электронды кітабы бар. Яғни оған келушілердің жылы лебіздері мен өтініштері қағаз бетіне емес, компьютерге тура түседі. Міне, алғашқы қонақтан алғашқы лебіз. Сонымен жаңарған Елбасы музейі қонақтарын қабылдауға бүгіннен бастап әзір. Дүйсенбіден өзге күндері кешкі сағат 6.00-ге дейін есігі әркез ашық.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дәурен Жұрқабаев және Ерлан Наурызбаев