Балаларын сабаған күдікті қамалды
Қаталдықтың мұндай түрі мен ұрып-соғудың тәрбиелік мәні туралы қоғам пікірі екіге бөлінді. Комментарийлерде бірі қатыгез әкені сөксе, екіншілері керісінше оны жақтап жатты. Әзірге балаларды ұрып-соғу сәті көрсетілген бейнені кімнің түсіргені белгісіз. Балалар құқығын қорғаушылар мен полицейлер не дейді?
Отбасыда болатын жанжалдар әлі де болса тыйылар емес. Ол үшін Президент айтқандай заңды қатаңдату керек. 4 қазан күні Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны өз балаларын жұдырықтың астына алып, елдің ызасын тудырды. Бұл бейнені көрмес бұрын көгілдір экран алдынан балаларыңызды алшақтау ұстауларыңызды сұраймын.
Шыныменде жантүршігерлік жазба. Оны мына кісінің зайыбы жазып алып, полицияға шағымданыпты. Тәртіп сақшылары кінәліні ұстап, уақытша қамауға алды. Айтуларынша ол жұмыссыз екен. Полиция өкілдерінің мәліметінше, отбасыдағы мұндай зорлық-зомбылық жиі болады. Ерлі-зайыптылар 2011 жылы неке құрған. Екеуінің ортақ үш баласы бар. Полицейлердің айтуынша бұған дейін жәбір көрген әйел 2018 жылы тәртіп сақшыларына күйеуі ұрып-соқты деп ауызша айтқан, бірақ өтініш беруден бас тартыпты. 2019 жылдың сәуірінде ол тағы да полицияға дене жарақаты бойынша жүгінген. Алайда әкімшілік өндіріс әйелі күйеуін кешіргендіктен бітімгерлік негізінде тоқтатылған. Ал қазір аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бұл оқиға әрине жантүршігерлік. Бірақ отбасылық зорлық-зомбылықта бір жақ қана емес. Әйелінің де жауапкершілігі бар. Өйткені ол бірнеше рет шағымданды. Бірақ арыз жазбады. Ажырасуға да өтініш бермеді. Ал біз полиция бөлімшесінде адамды арызсыз немесе әкімшілікке жауапкершілікке тартпай үш сағаттан артық ұстай алмаймыз.
Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Өз балаларын ұрып-соққан ер азамат қамауға алынды. Күдіктіге қатысты қазіргі таңда ҚР ҚК 110-бабының екі бөлігі бойынша азаптау, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Жалпы соңғы үш жылда отбасылық зорлық-зомбылық дерегі 2,5 есеге көбейіпті. Статистика көңіл көншітпейді. Ал биыл пандемия мен карантиндік шараларға байланысты жағдай ушыға түсті. Жыл басынан бері отбасы мүшелеріне күш көрсеткен 17 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 55 мыңнан астам қорғау нұсқамасы берілген. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жасалған құқықбұзушылық болса, биыл сегіз айдың ішінде 1358-ге жеткен. Оның 34-і ұрып-соғу болып отыр.
Айта кету керек, қазір әкімшілік кодексте ұрып-соққаны үшін 15 тәулікке дейін, ал жеңіл жарақат жасағаны үшін кінәлі 20 тәулікке қамауға алынады. Бірақ бұл шараның да жұмыс істеп тұрғаны шамалы. Өйткені отбасы мүшелері келіп кешірім сұрайды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жауапкершілік күшейтілмек. Мәжіліс депутаттары зұлымдық жасағанның жазасы әділетті болуы үшін бір-ақ рет кешіруге мұрсат беру туралы норма енгізді. Екінші рет қайталанса, заң алдында жауапты. Ал қоғамдық қор өкілдері болса, елде бірыңғай жүйе жоқтығын айтады. Қағазбастылық көп. Жәбір көргендер кімнен пана іздеп, қайдан көмек аларын білмей басы қатады.
Дина Таңсәрі, «Не молчи» қайырымдылық қорының жетекшісі:
- Бізде жүйе жоқ. Егер болса, ешкім де түрлі қоғамдық қорларға жүгінбес еді. Мысалы, әкімдікте бірыңғай жүйе болып реттелсе, барлығы сонда барар еді. Қазір адамдар өздерінің құқықтарын білмейді. Қайдан көмек сұрарын да білмейді. Бұл – үлкен проблема.
Көбіне жұдырықтың астында тұрып келе жатқан нәзік жандылар оны жұртқа жария етуден бас тартады. Себебі ұят. Өзгелердің, жақындарының алдында ұят. Бірақ адамның өзі және оның қорғансыз балалары өмір мен өлімнің арасында тұрғанда әрекет етпеуі, қарап отыруы ұят.
Аружан Сайын, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Көбіне зорлық-зомбылық бар әр отбасыда туыстары аса мән бере бермейді. Керісінше олар жәбір көрген әйелдің көмекке жүгінуіне кедергі болып жатады. Онда тұрған ештеңе жоқ, жанжал әр отбасыда болады дегендерге айтарым, мұнда сіздердің де кінәларыңыз бар. Өз немерелерін қорғау үшін еш әрекет етпей отырған дәл сол ата-әжелердің де жаупкершілігі бар.