«Хабар» Агенттігінің» Маңғыстау облысындағы тілшілер қосынының құрылғанына 22 жыл болды
Мәселен, Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылының балалары көрші ауылдарға қатынап оқитын. Мәселе республика деңгейінде көтерілгеннен кейін қазынадан қаржы бөлініп, жаңа мектеп салынды.
Бұл – сатып алған үйлеріне кіре алмай жүрген ақтаулықтардың 2 жыл бұрынғы жанайқайы. Құрылыс компаниясы келіскен мерзімінен 6 айға кешіктіргеннен кейін тұрғындар біздің арнамызға арызданған еді. Ақшаларын 100 пайыз төлеп қойған олар: «Қыстың көзі қырауда далада қаламыз ба?» деп қауіптенген болатын. Бейнесюжет эфирден өткен соң компания басшылары аз уақытта тұрғын үйдің толық аяқталатынын айтып, уәде берген-ді. Көп кешікпей 75 пәтерлі жаңа үйде қоныстойы тойланды.
Жұмабек Қазақбайұлы, Ақтау қаласының тұрғыны:
– Біз осы 29 ш/а 22 үйдің тұрғындарымыз. Осыдан 3 жыл бұрын құрылыс компаниясымен келісімшарт жасап, осы үйден пәтер алған болатынбыз. Ол келісім бойынша құрылыс компаниясы келісімді бұзып, бізге 3 ай кешіктірді. 3 ай өткеннен кейін біз «Хабар» Агенттігіне хабарластық. Арна халықтың мәселесін шешіп берді. «Хабарға» рахмет айтамыз. Қазір енді осы үйде бала-шағамызбен тұрып жатырмыз. Үй жылы, жақсы, талапқа сай бәрі.
Хабарлықтардың мұрындық болуымен Мұнайлы ауданындағы Басқұдық ауылында бірнеше жылдан бері қордаланып қалған мектеп мәселесі де шешілді. Бұған дейін ауыл балалары аудандағы өзге мектептерге қатынап оқитын. Ал бастауыш сыныбының 260 оқушысы сауда орталығында білім алуға мәжбүр еді. Енді қазір екі жыл бұрын ашылған жаңа білім ордасы 1800 оқушыны білім нәрімен сусындатып отыр.
Серік Досжанов, мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы:
– Қиындықтар болды. Балалардың автобусқа сыймай, тік тұрып барған уақыттары болды. Оның үстіне 1 жылда 2-3 рет мектеп формасын ауыстыруға тура келеді, киім жыртылады дегендей. Оқу-құралдарын да ауыстыруға тура келеді. Құдайға шүкір, мектепке қазір өздері келіп-кетіп жүр. Ауылда мектеп болғанға не жетсін?!
Жаңа мектепте толыққанды білім алуға барлық жағдай жасалған. Озық үлгідегі құралдармен қамтылған. Мектеп ашылғалы аз уақытта 1 оқушы Алтын белгі, 2 оқушы үздік аттестат иегері атаныпты. Биылғы түлектердің басым бөлігі мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түскен. Мектеп басшылары бала туу көрсеткіші ең жоғары ауыл саналатын Басқұдыққа тағы бір білім ошағының қажет екенін айтады. Қазір 600 орынға арналған бұл мектепте 1800 оқушы 3 ауысыммен білім алуда.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев