Семей қаласында Абай ескерткіші ашылды
Салтанатты шараға Мемлекет басшысының өзі қатысып, шымылдығын ашып берді.
Президенттің өңірге жасаған жұмыс сапары аясында тағы бірнеше маңызды кездесулер мен шаралар жоспарланып отыр.
Шынар Асанқызы, тілші:
– Әрине, карантин жағдайына байланысты мерейтойлық шаралардың біразы кейінге қалдырылғаны рас. Бірақ бұл Абай тойы аталып өтпеді деген сөз емес. Ең бастысы жылдың басында Президент міндеттеген тапсырмалардың бәрі мүлтіксіз орындалған. Расында да «Бұл той тойлайтын емес, ой ойлайтын жыл болды» деп айтуға толық негіз бар. Оған атқарылған істер дәлел. Мысалы, осы жылы Семейдегі әуежайға оған «халықаралық Абай әуежайы» деген атау берілді. Бірер сағат бұрын Президент ұшағы дәл осы әуежайға келіп қонды. Сондай-ақ биыл Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» музейі толық жаңартылды. Бүгін, міне, осы мұражайдың алдында «Ұлы Абай және оның ұлдары» атты жаңа монумент ашылып жатыр. Мұны да Абай жылындағы елеулі жаңалықтардың бірі деуге болады.
Әрине, қазір әрбір өңірде, аудан, ауылдарда, тіпті әлем картасында да Абайдың ескерткіші орнатылған қалалар аз емес. Бірақ бұл жолғы ескерткіштің жөні бөлек. Өйткені бұған дейінгі барлық ескерткіште Абайдың жалғыз бейнесі көрсетілсе, бұл жолы қос ұлы Ақылбай және Тұрағұлмен тұрған сәті тасқа қашалыпты.
Абай жылының тағы бір жаңалығы – Жидебай жеріндегі ақын кесенесінің айналасы түгел абаттандырылып, жол төселіп, мұражайға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір Президент абайтанушылармен кездесу өткізіп болған соң, ол жаққа да арнайы барып қайтады деген жоспар бар. Сондай-ақ Президенттің жұмыс сапары аясында көпбалалы отбасыларға қолжетімді баспана кілті тапсырды және жаңадан іске қосылған спорт кешенін аралап көрді.
Жалпы бүгінгі жиын Абай тойына арналған негізгі шара болғандықтан, оған Абайдың тікелей ұрпақтары да келіпті.