COVID-19: Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой індетпен күреске қалай әзірленіп жатқандығын баяндады. Айтуынша, дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдарының қажетті қоры жасақталуда.
Риат Шони, тілші:
– Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына алдын ала дәрілерді сатып алып, ауруханаларға үлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір ведомство 1 миллион амбулаторлық науқасты тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға әзір екендігін жариялады. Қазақстандықтар дәрігердің нұсқауымен дене қызуын төмендететін препараттарды ала алады. Олардың жалпы құны –1,5 миллиард теңге. Бұл жайлы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Оның мәлімдеуінше, бұл шара инфекциялық және де провизорлық орталықтардың жүктемесін азайтуға, сонымен қатар халықтың ақшасын үнемдеуге сеп болмақ. Қазіргі таңда тапшы және қажетті 44 дәрінің түрі сатып алынып жатыр. Бұл мақсатқа 8,2 миллиард теңге жұмсалады. Ол 1 ай көлемінде станционарлардағы 60 мың науқасты емдеуге есептелген. Бұған қоса, бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 2 айлық дәрі-дәрмектің азаймайтын қоры қалыптастырылуда. Жалпы қор 2020 жылдың 30 қазанына дейін құрылады деп жоспарланып отыр.
Алексей Цойдың айтуынша, бірыңғай дистрибьютор сатып алған дәрілердің 30 проценттен астамы – отандық өндірушілердің өнімдері. Ал COVID-19 препараттарының 48 проценті ел ішінде өндіріледі. Қазір фармацевтика өнеркәсібінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды 96 кәсіпорын өндіреді.
Медициналық маскаларға келер болсақ, қазір отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың бетперде өндіруде. Қоймаларда 18 миллион маска бар. Тағы күн сайын 300 мың жұп қолғап шығарылады. Қараша айында қуаттылық тәулігіне 530 мың жұпқа дейін ұлғайтылады деп күтіледі. Ал қазір қоймаларда қолғаптың 7 миллионнан астам жұбы бар екен. Өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараттарымен 17 өңірдегі 297 аурухана толық қамтылыпты. Қажеттілік 1500 бірлік аппаратты құраған. Қазір мәселе 100 процент шешімін тапты. Жалпы медицина ұйымдарында жеке қорғаныс құралдарының 3 айлық қоры жасалған.
Осы ретте Премьер-министр Асқар Мамин облыс әкімдеріне 1 қарашаға дейін сақтандыру қорларын толықтырып, дәрі-дәрмек тапшылығы болмау керектігін ескертті.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
– Үкімет коронавирус инфекциясының жаңа кезеңіне дайындық жасауда. Медицина ұйымдарының және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Әкімдіктер осы жылдың 1 қарашасына дейін сақтандыру қорларының көлемін бекітілген қаржылық нормативке жеткізсін. Медицина ұйымдарында, сондай-ақ дәріханаларда дәрі-дәрмекке қажеттілікті тұрақты қадағалауды қамтамасыз етсін. Денсаулық министрлігі СҚ-Фармациямен бірлесіп, стационарларда, әсіресе инфекциялық ауруханаларда дәрі-дәрмек болуына мониторинг жүргізсін. Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы тиіс.
Өткенде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой екінші толқын қарашаның соңы мен желтоқсанның басында болады деп болжаған. Енді індеттен аман есен өтейік.