Бұрынғы полиция қызметкері 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Жол апатынан полиция инспекторлары қаза тапқан еді. Сотта кінәсін толық мойындаған экс-полицей 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған қоса апат салдарынан болған моральдық-материалдық өтемақы мен мемлекетке келтірген залалды қоса есептегенде, өндірілетін ақшаның жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асады. Алайда қаза тапқан тәртіп сақшыларының жақындары бұл үкіммен келіспей отыр.
Арақ ішкен азапқа ұшырайды. Бірақ 25 мамыр күні ішімдікке сылқия тойып, көлік жүргізген бұрынғы тәртіп сақшысы Азат Азаматов 4-ші блок бекетте кезекшілік атқарған әріптестерін мерт қылады. Азат тізгіндеген көлік бетон тосқауылды бұзып, қиылыста тұрған полиция көлігін жапырады. Соның салдарынан көлікте отырған 40 жастағы полиция қызметкері Жалғас Жанғазиев сол сәтте жан тапсырса, 26 жастағы Дастан Әбдіқанов ауруханаға жетпей қайтыс болды. Тағы бір тәртіп сақшысы Ербұлан Сейдазым жансақтау бөлімінде ұзақ жатқан соң емделіп шығады. Сот отырысы қыркүйекте басталған еді. Қылмыстық жазаға тартылып, бірнеше айып тағылған Азат Талғатұлы өз кінәсін толық мойындады. Бұған дейінгі процестерге қатысып келген Азат бүгін соттың үкімін абақтыда отырып, онлайн тыңдады.
Мәди Көшікбаев, Қарасай аудандық сотының судьясы:
– Сотталушыға бұл жерде 345 – 1-бабының 4-ші бөлігіне сәйкес жаза 7 жылдан 10 жылға деп көрсетілген. Қылмыстың сипатын, келген зақым мен зардаптарды ескеріп, ауырлататын мән-жайдың барын ескеріп, сот ең жоғарғы жаза 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап отыр. Сонымен қатар сотталушы осы бапқа сәйкес өмірбойы көлік құралын жүргізу құқығынан айырылады.
Десе де апаттан қаза болған полиция инспекторларының жақындары Азаматовты 10 жылға қамау аздық ететінін айтты. Екі инспектордың артында 4 бала қалған. Бұған қоса, сотта марқұмдардың әйелдері қылмыскерден кәмелетке жасы толмаған балаларының асыраушыларының қайтыс болуына байланысты бірі – 15 миллион, екіншісі 30 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өндіріп беруді сұрады. Сонымен бірге сот қаза болған Жалғас Жанғазиевтің жесіріне 1 миллион, ал Дастан Әбдіқановтың жақындарына 5 миллион теңге көлемінде моральдық шығынды өндірту туралы талап арызды толық қанағаттандырып, айыпталушыдан мәжбүрлі түрде өндіру туралы үкім кесті.
Жанатгүл Әбирова, қаза тапқан полиция инспекторы Д.Әбдіқановтың анасы:
– Сот өзінің шеңберінде атқарып шықты. Ары қарай тағы көреміз. Өйткені біз мұнымен барлық нәрсе бітті деп айтпаймыз. Біздің үлкен қасірет-қайғымыз тұр.
Егер сот үкімімен келіспеген жағдайда жәбірленуші немесе айыпталушы тарап 15 тәулік ішінде Алматы облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына аппеляциялық шағым айта алады. Ал 10 жылға сотталған Азат Азамтовтың ісі абайсызда жасалған қылмыс санатына жатқызылғандықтан, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтейді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов