Ақтауда 7 ай карантиндік үзілістен соң кинотеатрлар қайта ашылды
Ал кинозалдар іші әр сеанс сайын тазаланып, ауа залалсыздандырылады. Аймақ тұрғындары көптен күткен күн қазақстандық жаңа кинокомедиямен есте қалды.
Kinopark-Kinoplexx Theatres желісінің Ақтаудағы 3 кинозалы көрермен келуден бұрын мұқият тазаланады. Техникалық қызметкерлер әр орындықты микроб жойғыш ерітіндімен өңдеп, зал ішіне кварц-шам жағып қояды. Әрқайсы 150 орындық нысан сыйымдылығы 30 проценттен аспайды. Адамдар арасында екі орын бос тұрады. Санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығын көпшілікпен қатар кино түсірушілер де түсіністікпен қабылдаған.
Тимур Бақтыбаев, продюсер:
– Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл дүниежүзі бойынша мәселе ғой. Біз 7-8 ай бойы киномызды шығара алмадық. Қиыншылық, әрине, көрдік. Себебі біз нанымызды осы кино арқылы табамыз. Кинотеатрлар ашылса, бұл салада 7-10 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде кассирі бар, операторы бар, тағы да басқасы бар. Аллаға шүкір, қазір елімізде жайлап кинотеатрларымыз ашылып жатыр.
Маңғыстаулықтар карантин уақытындағы үзілістен соң тамашалаған алғашқы отандық кинотуынды «Любовь на миллион» деп аталады. Картина режиссері – Олжас Ибраев, продюсері – Тимур Бақтыбаев. Басты рольдерді Ернар Сақыпов, Жахан Отарғалиев, Дина Тасболатова және Гүлнар Селбаева сомдайды. Романтикалық комедияда жас буын бойында болуы тиіс жақсы қасиеттер насихатталады.
Ернар Сақыпов, актер:
– Адалдықтың, адал махаббаттың, жалпы ер адамдардың арасындағы достықтың тақырыбын ашады. Маған енді бәрі қызық болды, өйткені бірінші киноға түсіп жатқаннан кейін болар. Біздер КВН-шілер эмиоцияны көріп, үйреніп қалғанбыз ғой. Әзіліңді айттың, оған күлді, соған үйренгенбіз. Ал камераның алдында кішкене басқаша екен.
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімімен эпиджағдай тұрақты аймақтарда кинотеатрлардың жұмысы 26 қазаннан бастап қайта жанданғаны мәлім. Әзірге бұл мүмкіндік Ақтау, Атырау мен Алматы қаласына беріліп отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев