БҚО-да еңбекқор отбасы құрт сатып, пайда тауып отыр
Отбасы мүшелері еш жерде жұмыс істемейді. Тірлігі малмен байланысты олар қысы-жазы сиыр сауып, өнімін алады. Құрт жасаудың және оны тез кептірудің ерекше тәсілін қолданып жүр.
Ниетқабыловтардың шаңырағында таң атысымен қызу тіршілік басталады. Күнде ерте тұрып, мал қамына кіріседі. Ерлі-зайыпты Дулат пен Әлия сиыр сауады. Ал балалары қолғабыс қылып жүр. Қазір қорада жиырма шақты сауын сиыр бар. Қысы-жазы мол сүт алынады. Күн сайын сүзбе ілінеді. Отбасыда шаруаға санасу деген жоқ. Құртты да барлығы бірге жасайды. Үстел басына түгел жиналып алып, іске кіріседі. Құрт жасауға еттурағышты пайдаланады екен. Сүзбе құрылғыдан теп-тегіс әрі пішіндері бірдей болып шығады. Ата-анасына көмектесіп отырған мына балақайдың ептігіліне қайран қалдық.
Дулат Ниетқабылов, Сарықұдық ауылының тұрғыны:
- Балаларымызды да еңбекке үйреттік. Осы балалар бәрі де мал бағады. Өзіміз сауамыз да жүре береміз. Кеш туатындары да болады, соларды алып қаламыз. Онда да құртты тоқтатпаймыз.
Күніне 300-400 құрт жасалады. Тез кептіру үшін үй ішінен жылы қойма дайындалған. Отағасы құрт сату үшін Оралға айына үш рет барады. Әр барған сайын кемінде жүз мың теңге пайда тауып келеді. Бұрын дүкендерді аралап, тауарын ұсынып, әлек болып жүрсе, қазір олай емес. Өнім сапалы болғандықтан, тұрақты тұтынушылар пайда болды.
Әлия Ниетқабылова, Сарықұдық ауылының тұрғыны:
- Мыңдап, екі мыңдап апарып сатады. Ешқандай шағым түскен жоқ. Майдан да, құрттан да. Бәрі жақсы. Сұраныс көп. Атырау жақтан да сұрайды. Ауылдың тіршілігін білемін. Өзім ауылдан шықтым. Ата-енеммен 15 жыл тұрдым.
Кәсіп көсегесін көгерткен отбасы аздаған жылда баспана салып алды. Құрылысты былтыр көктемде бастаған. Қара суық түскенше аяқтап үлгерді. «Аңсаған арманымызға адал еңбектің арқасында бірге жеттік», – дейді отағасы.
Дулат Ниетқабылов, Сарықұдық ауылының тұрғыны:
- Еңбек етсе, наны тәтті дейді ғой. Еңбектің ақшасын жойғың келмейді. Әйтеуір қазір күнімізді көріп жатырмыз. Осы еңбектің арқасы ғой. Сол жағынан жайлап балаларға айтып, үйретіп отырамыз.
Еңбекқор отбасы көпке үлгі. Олардың алға қойған жоспарлары да ауқымды.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып, зәулім үй салып алды. Табыстың кепілі – маңдай тер. Алдағы уақытта отбасы кәсіпті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Яғни жаңа цех пен қойма салмақ. Нысандардың іргетасын, мінекей, құйып та үлгерген.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов