ШҚО-да індетке байланысты «қызыл аймақ» енгізілді
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүз мың тұрғынға шаққанда науқастар саны 55 адамнан асса, қызыл аймақ ережесі енгізілетінін хабарлаған. Ал шығыста соңғы он тәулікте күн сайын 200-ден астам адамнан қауіпті індет анықталып отыр. Аймақта тағы 226 науқас тіркелді. Әсіресе Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Алтай, Ұлан, Глубокое аудандары көш бастап тұр. Сондықтан атқарушы билік карантин шараларын күшейтіп жатыр. Қоғамдық орындар мен сауда орталықтарына қосымша рейд жүргізу басталды.
Талғат Тұңғышбаев, облыстық мемлекеттік Бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Осылайша науқастар саны тіркеліп, облыста таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кірді. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. Құрамында полиция құзырлы орган және қоғам өкілдері бар топтар жаңартылған жұмыс кестесімен қызмет етуде.