Алматы облысында құс тұмауы тіркелді
Бұл туралы алғашқы ақпарат 27 қазанда түскен. Сараптама құс тұмауы бар екенін растады. Отандық нарыққа және экспортқа құс өнімдерін шығаратын кәсіпорын қазір карантинге жабылды. «Ондағы 200-ден астам қызметкердің денсаулығы бақылауда», – дейді мамандар. Облыстың бас ветеринарының айтуынша, бұл – өңірде тіркелген алғашқы жағдай. Қырылған құстар өртелді.
Нұртас Қиялбеков, Алматы облысы Ветеринария басқармасының басшысы:
- Осы ауру анықталған ЖШС-да құс өнімдерін немесе құстарды, сонымен қатар жем-шөп қоспаларын алып шығу немесе алып келу жұмыстарының барлығы тоқтатылған. «Алсад-Қазақстан» фабрикасының өнімдері сатылымнан алынып, тиісті шаралар жүргізілді.