Түркістан облысы Шардара ауданының Сүткент ауылына табиғи газ келді
Елді мекен ішіне жалпы құны 221 млн теңгені құрайтын 18 шақырым газ құбыры тартылып, 120 үйге жеткізілген. Ауылдық округте үш мыңнан аса халық тұрады.
Сүткент – аудан орталығы Шардара қаласынан жүз шақырым қашықтықта орналасқан шалғай ауыл. Сондықтан ауыл тұрғындары табиғи газды жылдар бойы асыға күтті. Көмір жағып, күл шығарудың азабын біркісідей білетін Гүлжан Данабекқызы көгілдір отынға қол жеткізіп, күйелеш болып жүретін қиын күндермен қоштасқанына дән риза.
Гүлжан Күлділдаева, Сүткент ауылының тұрғыны:
- Бұрын көмір жағып қиналатынбыз. Қиыншылық көп болды. Әр жылы тонналап, көмір алып, күйелеш болып жүретінбіз. Қазір, міне, газ келіп, қуанып жатырмыз. Үйдің іші жылы.
Сүткент ауылдық округінде 448 үй, үш мыңнан аса халық тұрады. Биыл елді мекен ішіне жалпы құны 221 млн теңгеге 18 шақырым газ құбыры тартылған. Қазірдің өзінде 120 отбасы табиғи газға қосылса, қалған 320 отбасы жыл соңына қамтылмақ. Тұрғындардың айтуынша, олар көгілдір отынды үйге 80 мың теңгеден кіргізген. Жалпы Шардара ауданында бір қала, он ауылдық округ, 25 елді мекен бар. Онда 80 мыңға жуық халық тұрады. 2014 жылы өңірдегі алғашқы екі ауылға газ құбыры тартылса, биыл Қызылқұм, Ақалтын, Достық, Сүткент және Егізқұм ауылдары көгілдір отынға қол жеткізді.
Мұхтархан Үтенов, Шардара аудандық ТКШ бөлімінің бас маманы:
- Келер жылы Шардара қаласындағы төрт мөлтекауданды газға қосудың құрылыс жұмыстары басталады. Қалған үш ауылдық округ кезең-кезеңімен 25-ші жылға дейін жоспарға сәйкес газдандырылатын болады.
Бүгінгі күні жергілікті әкімдік ғимараты, мектеп пен балабақша сияқты әлеуметтік нысандар да сұйық отынның қызығын көріп отыр. Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін аудан халқының 33% газбен қамту жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы