Алматы – Өскемен тасжолы ашылды
Бұл ірі жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазынадан 157 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде оның 105 млрд-ы игеріліп, 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Әзірге 454 шақырымның 70% асфальт төселген, қалған жұмыстар келесі жылғы көктемнен бастап жалғасын табады.
40 жылдай күрделі жөндеу көрмеген Алматы – Өскемен тасжолы екі жылдан бері қайта жаңғыртылып жатыр. Өткен жазда бұл жобаға жүздеген адам жұмысқа тартылды. Алты асфальт шығаратын зауыт, 11 қосалқы мердігер компания 9 млн текшеметрге жуық жол салу жұмыстарын атқарыпты. Соның ішінде 12 көпір, 244 су өткізу құбыры, 46 мал айдау өткелі бар. Жергілікті шаруа қожалықтары да жұмысшыларды азық-түлікпен қамтып, нәпақа тапты.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Өткен жылы жол құрылысы жұмыстарына еліміздегі қауіпті індетке байланысты жарияланған карантиндік шектеулер өз кедергісін келтірмей қойған жоқ. Дегенмен осы қиындықтарға қарамастан Алматы – Өскемен тасжолын салуға ШҚО-ның өзінде ғана үш мыңнан астам адам, екі мыңнан астам техника жұмылдырылды. Қазір бұл жұмыстар уақытша тоқтатылды, ол жазғытұры қайтадан жанданатын болады.
Жаз бойы айналма жолдардан әбден мезі болған жергілікті тұрғындар мен көлік жүргізушілері қозғалыс қалпына келгеніне қуанышты.
Думан Қабыләшімов, Семей қаласының тұрғыны:
- Алматыға 38-40 сағат жүретінбіз, қазір енді 7-8 сағат қысқарды деп айтуға болады. Жолымыз бұрынғыға қарағанда жақсы болып қалды. 30 елдің қатарына кіреміз деп жатырмыз ғой, жолымыз да соған сай болу керек.
Марат Молжігітов, Қалбатау ауылының тұрғыны:
- Бұрын енді айналмамен жүре алмай, неше жыл жөнделмеген ескі жолмен жүруші едік. Қазір жақсы болып қалды. Барамын деген жерге қиналмай, шаршамай барасың.
Маман тапшылығы, карантиндік шектеу кезіндегі құрылыс материалдарын жеткізу сияқты өзекті мәселелер де жол салушылардың жұмысын бөгеді. Қазір аймақтағы техникалық университет және колледж түлектерін осы жобаға тарту жұмыстары да жүйелі атқарылуда.
Асылбек Нұғыманов, «Қазавтожол» ҰК ШҚО филиалы жетекшісінің орынбасары:
- Қазіргі күнде айналма жолдар жоқ, көліктің бәрі жолдың үстімен өтіп жатыр. 70% асфальт салынды осы жылы. Қалғаны келесі жылға қалды. Осы жол 2022 жылы аяқталуы тиіс.
Бұл жолмен Ресей мен Қытай арасындағы жөңкілген жүк тасымалдаушыларды қоспағанның өзінде ШҚО-ның барлық аудан тұрғындары қатынайды. Сондықтан жобаның іске асуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор ықпал етпек.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов