Қостанайда бокс мектебі ашылды
Жаңа ғимаратта жас боксшылардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Тіпті мұнда дүбірлі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Бокс мектебінің ашылу салтанатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бірқатар спортшыға бағалы сыйлықтар табыс етті.
Тобыл өңірі шаршы алаңда атой салған талай талантты боксшыларымен танымал. Сондықтан өзіндік дәстүрі бар өңірде жаңа бокс мектебінің ашылуы заңды құбылыс демеске болмайды. Көптеген былғары қолғап шеберін дайындаған ардагер жаттықтырушы Василий Лавриненко жаңа залды көргенде таңқалысын жасыра алмады.
Василий Лавриненко, бапкер:
- Адам айтса сенгісіз. Мұндай зал біздің өңіміз түгіл, түсімізге де кірген емес. Боксшыларға барлық жағдай жасалған.
Аманбек әбікенов, олимпиадалық резервті даярлау спорт мектебінің басшысы:
- Төменде бізде тағы бір зал болады. Ол залда төрт киім ілетін, екі моншасымен бірге үш жаттығу рингі болады. Барлық жағдай балаларға дайын. Келесі жылы осы залда біз республикалық жарысты қарсы алуға дайынбыз.
Ашылу салтанатында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бірқатар спортшыны марапаттады. Олардың қатарында Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама жеңіп алған қостанайлық Надежда Рябец те бар. Боксшы қызға екі бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді. Бокс мектебінен тыс жақын арада облыста тағы бірнеше спорт нысаны ел игіліне беріледі.
Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:
- Лисаков қаласында теннис орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жақын арада ашамыз. Облыс орталығында мұзды спорт сарайының және ұзындығы 50 метрлік жүзу бассейнінің құрылысы жүргізілуде.
Ал жаңадан ашылған бокс мектебінде бір мезетте 70-80 адам жұдырық түйістіріп, қап ұрып, жаттығу жасай алады. Олимпиада талаптарына сай келетін екі шаршы алаң, көрерменге арналған жүз орындық трибуна, заманауи электрондық табло мұнда дүбірлі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров