Қазалы ауданындағы емхана ғимараты тарлық етуде
Бұл індет дендеп тұрған кезде тиісті санитарлық талаптардың сақталмауына әкелуде. Айтулы мәселе, қашан, шешімін табады?
1993 жылы мына ғимарат емхана ретінде бейімделіп, пайдалануға берілген. Содан бері қазалылықтардың игілігіне жарап келеді. Аудандағы 76 мыңдай халықтың 56 мыңына осы денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде. Карантин талаптарына орай түсіру тобын емханаға кіргізбеді. Дегенмен қиындықтар барын меңгерушісі жасырған жоқ.
Ғалымбек Баймаханов, Қазалы аудандық орталық емхана меңгерушісі:
– Қазір осы тұрғанда бір кабинетте 2 дәрігер, 4 медсестрадан отырса, кішкене кемшіліктері бар. Өйткені бізге тарлау болып тұр.
Айтулы мәселені шешу үшін биыл ауданда жаңа емхананың құрылысы басталды. Жоба бойынша келесі жылы іске қосылуы тиіс медициналық нысан бір ауысымда 250 келушіге қызмет көрсететін болады.
Сүлеймен Байтөреев, құрылыс учаскесінің бастығы:
– Қаржы, материал уақытысында бөлініп тұр осы уақытқа дейін. Жұмыс өз қарқынымен жүріп жатыр. Келесі жылы 2021 жылдың желтоқсан айында береміз.
Жаңа емхана осыдан 2 жыл бұрын іске қосылған 150 орынды аудандық аурухана жанынан салынуда. «Үшқабатты ғимарат уақыт талабына сай озық құрылғылармен жабдықталып, медициналық қыметтің сапасы артатын болады», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов