Павлодардағы машина жасау зауыты жаңа өнім технологиясын игерді
Кәсіпорын конусты ұнтақтағыштарға арналған жылжымалы және жылжымалы емес броньдерді жасап шығарды. Бұл – «ERG Service» ЖШС үшін жаңа өнім. Жуырда сапалы өнімнің алғашқы партиясы көрші елге жеткізілді.
Пандемия павлодарлық машина жасаушылары мен металлургтерінің жұмысына кедергі болмады. Осы кезеңде мамандар жаңа нарықтарды жаулауда. Өзбек елі жергілікті кәсіпорынмен серіктес болуға ниет білдірген. «ERG Service» компаниясы тау-кен және қайта өңдеу салаларына арналған өнімді жасауға тапсырыс алды.
Сергей Петухов, «ERG Service» ЖШС бас директоры:
- Өнімнің екінші партиясы тасымалдауға дайын. Алғашқы 20 тоннасы қазан айында жөнелтілді. Бұл кәсіпорынмен ұзақ жылдар бойы серіктес болғымыз келеді. Ол трейдингтік компания болып табылады. Алдағы үш жылға келісімшартқа отырдық.
Конусты ұнтақтағыштарға арналған жылжымалы және жылжымалы емес броньдер – тау-кен кешендеріне арналған маңызды материал. Бір құйма деталінің салмағы бір тоннаға дейін жетеді. Өнім машина жасау зауытының құйма-механикалық цехында дайындалады. Өзбекстан бұған дейін бұл өнімді Ресейден алып келген.
Леонид Белогривый, «ERG Service» ЖШС Павлодар машина жасау зауытының директоры:
- Пандемия біз үшін ауыр сынақ болды. Бірақ өндірісіміз тоқтаған жоқ. Өндірісімізде де кедіргілер болмады. Еуразиялық топтық кәсіпорындарына қажет құралдарды өзіміз шығара бастадық. Өнімдердің жаңа түрлерін шығара бастадық. Тұрақты түрде шығарылатын өнімдерден бөлек, жаңа технологияларды меңгеріп алдық.
«ERG Service» жыл басынан бері 20-ға жуық жаңа өнімнің өдірісін меңгерді. Отандық өнімдердің қатарында құймалы шөміштер бар. Жаңа конструкция Ақтөбе ферроқорытпа зауытының арнайы тапсырысымен жасалды. Жобаны конструкторлық-технологиялық сала мамандары әзірледі. Жаңашыл техникалық шешімдердің нәтижесінде отандық өзіндік құны азайып, қолдану мерзімі ұзартылды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков