Хабар телеарнасы

СҚО-да еліміздегі алғашқы тәжірибелік мектеп жұмысын бастады

Бұл мақсатқа инвестор 300 миллион теңге қаржы жұмсады. Оның үстіне білім ошағын күтіп ұстауға мемлекетпен 10 жылға келісімшарт жасалған. Қазір ауылдағы 220-дан астам оқушы жаңа бағдарлама негізінде білім алып жатыр.

Петерфельд ауылындағы мектеп 1969 жылы пайдалануға берілген. Содан бері қырлап-сырлаудың арқасында тұрған еді. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шатыры, қасбеті, терезелері түгелдей жаңасына ауыстырылды.

Инна Пашкова аталған білім ошағында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Айтуынша, сыныптар соңғы үлгідегі оқу-құралдарымен жабдықталған. Техникалық база нығайып, білім ордасы адам танымастай өзгерген.

Инна Пашкова, бастауыш сынып мұғалімі:

– Бұрынғы мектеппен мүлдем салыстыруға болмайды. Жиһаз бен қондырғылардың барлығы жаңа. Ауылда тұрсақ та кең жолақты интернетке қосылдық. Барлығы цифрландырылған. Сәйкесінше қазір балалардың да білімге деген құштарлығы артты.

Бұл елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сенімді басқаруға берілген әрі ауылдық жерде орналасқан алғашқы білім ұясы. Қазірдің өзінде ол оқушыларды «Назарбаев Зияткерлік мектеп» тәжірибесі негізінде оқытады.

Бауыржан Төленов, мектеп директоры:

– Барлық мұғалімдермен қазіргі таңда олардың біліктіліктерін арттыру бойынша курстар өткізіліп жатыр. Міне, жуырда ғана критерияларды бағалау бойынша курсымыз өтті. Оның ішінде жаңартылған білім мазмұны бойынша курстарымыз ұйымдастырылған болатын. Мұғалімдер соның барлығын өтіп жатыр. Және оны практикасында қазір қолданып жатыр.

Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай қайтадан жаңарған мектепке Ұлы ақынның есімі берілді. Ал келер жылы мұнда жаңадан үлкен спортзал салынбақ.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Қазір қаладан ауылда орналасқан нақ осы мектепке келіп білім алғысы келетін балалардың саны артқан. Дегенмен де карантиндік шектеулерге байланысты бұл мүмкін болмай отыр. Болашақта эпид ахуал тұрақталса, балалардың арманы жүзеге асуы мүмкін. Оның үстіне келер жылы мұнда интернат құрылысы басталады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев