Петропавлда қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды
Сондай-ақ жаңа жыл қарсаңында балаларға тарту жасады.
Бұл – Петропавлдағы қан тапсыру орталығы. Қылмыстық атқару жүйесінің мамандары таң сәріден жұмысқа емес, осында ағылды. Ондағы мақсат – қан тапсырып, өзгеге өмір сыйлау.
Екатерина Говоркова, ҚАЖД бөлім басшысы:
- Донор болу – сауапты іс. Осы арқылы ертең біреуге көмектесуім мүмкін ғой. Өзім 2017 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып тұрамын.
Акция аясында волонтерлер 90 жастағы Анатолий Плетухинге де қолғабыс етті. Волонтерлер қарияның қар басқан ауласын тазалап берді. Жақсылық жасап жүргендердің қатарында шалыс басып, мерзімінен бұрын босап шыққандар да бар.
Владислав Подскребкин, қала тұрғыны:
- Әр апта сайын осылай көмекке келіп тұрамыз. Қар тазалаймыз, отын, көмір тасимыз. Кейде дүкеннен қажетті деген дүниелерімен азық-түліктерін әкеліп береміз.
Анатолий Плетухин, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Балаларым Ресейде. Карантин, келе алмай жүр. Ауланы қардан аршу жалғыз өзіме қиын. Міне, жігіттер бар шаруаны 15 – 20 минутта атқарып берді.
Алты баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Татьяна Долгушина да шарапаты мол шараның игілігін көрді. Оның отбасына азық-түлік пен киім-кешек беріліп, балаларға жаңа жыл мерекесіне орай тәттілер үлестірілді.
Александр Кочкин, ҚАЖД бастығының орынбасары:
- Ұжыммен ақылдаса келе тағы бір акция ұйымдастырайық деп шештік. Жалпы Волонтер жылында біздің қызметкерлер 65 литр қан тапсырған екен. 50-ден астам отбасыға түрлі көмек көрсеттік. Пандемияның бірінші толқыны кезінде де біз еріктілер қатарынан табылдық.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді. Сондықтан сала мамандары бұл істі келер жылы да жалғастырмақ ниетте.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев