Алматы облысы кәсіпкерлерінің бірі марал шаруашылығын дамыту ісін қолға алды
Ол қолға үйретілген жабайы аң түрін көршілес ШҚО-дан әкеліпті. Маралдар Жоңғар Алатауының баурайындағы қасиетті Қапал өңірінің табиғатына жерсініп жатыр.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Ақсу ауданындағы шаруашылық қожалығына қазір 23 бас Алтайдың кербез сұлу кермаралы жеткізілді. Болашақта мұнда тағы 30 басын әкелуді жоспарлап отыр. Қожалық басшылары адамдардың тынығып демалуына, ем алуына арналған шипажай ашқылары келеді.
Маралдарды қыстың күні мынандай ашық қоршаудың ішінде ұстайды. Өйткені ол суыққа өте төзімді келеді. Күн жылынған соң Жоңғар Алатауының баурайынан он гектардай жер қоршалып, соның ішіне жіберіледі. Жобаның жалпы құны 40 млн теңге. Бүгінге дейін жеке инвестицияның тең жартысынан астамы игерілген.
Берік Алдабергенов, кәсіпкер:
- Мұның мүйізін кесіп, қанын емдікке қолданады екен. Өскемен, Қатонқарағайға барып, он күн жатып үйренеді. Өзіммен бірге екі маман барды, ол кісілер қалай кесіп, қалай дайындау керек екендігінің бәрін үйренді.
Серік Құсмолдин, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:
- 2019 жылы осы істі бастаған кезде бұл кісілер ауданнан көмек сұрады. 1400 га жайылымдық жер берілді. Болашақта енді бұл үлкен жоба болатынына сенеміз.
Маралдан алынатын өнімнің сапалы болуы оның жайылатын жеріне тікелей байланысты. Ал Қапалдың тауларында жартылай аң, жартылай үй жануары тектес бұл жұптұяқтының жейтін шөбі мен алтын тамыр да молынан кездеседі. Мәселен, пантокрин қан айналымын, ағзадағы зат алмасу процесін және бүйректің жұмысын жақсартса, сорпасы сүйегі қақсап, буын-буыны ауыратындарға таптырмайтын ем екен. Қазір демалыс орнының инфрақұрылымы жасалып, қажетті техникалар сатып алынып жатыр. Алатау баурайындағы алып шаһар Алматы мен Алматы облысының тұрғындары болашақта маралдан алынатын өнімдермен емделу үшін ШҚО-ға сабылмайды деген үміт бар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов