Хабар телеарнасы

Түркістан облысындағы аудан тұрғындары 2022 жылы ауызсу жүйесімен толық қамтылады

Әзірге облыстағы ең ірі аудан халқының тек 80% таза суды пайдалануда. Биыл тозығы жеткен 11 елді мекеннің құбыры жаңартылып, екі ауылға тіршілік нәрі жеткізілді. Ал 14 елді мекен өз кезегін күтуде. Жергілікті билік ауызсу мәселесін тездетіп шешуге уәде берген.

Жеңіс ауылының тұрғындары таза ауызсудың қадірін бір кісідей біледі. Себебі жылдар бойы сапасыз су ішіп, тіршілік нәрінен тарығып келді. Арнайы алынған сынама халықтың пайдаланып отырған суының құрамында тұздың көп екенін көрсетті. Ол денсаулыққа зиян. Ал ауыл халқы амалсыздан осы күнге дейін арық суын пайдаланып келген.

Бақыт Мейрамов, Жеңіс ауылының тұрғыны:

- Осы күнге дейін біздің ауылымыздағы ауызсу өте тұзды болатын. Ол жуынуға да келмейді. Темірдің өзін шірітіп жібереді. Соны осы күнге дейін халық пайдаланып келді. Содан жаңадан ұңғы қаздырды. Ол жерден кермектілігі 5% тұщы су шықты. Мұның өзіне халық өте қуанышты. Тек осы жерден аққан суды ішіп, пайдаланып жатыр.

Мәселе биыл шешілді. Жергілікті бюджеттен 231 млн теңге бөлінді. Оған ауылдан үш шақырым жерден жаңа ұңғыма қазылып, трансформатор орнатылды. Ауылға құбыр тартылып, халық таза ауызсуға қол жеткізді.

Нұрбол Тұрашбеков, Ордабасы ауданының әкімі:

- Ауданда 57 елді мекен бар. Оның ішінде 43 елді мекен толыққанды ауызсумен қамтамасыз етілген. Дегенмен тозығы жеткен, жөндеу жұмыстарын қажет ететін 11 елді мекен болатын. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазір ауызсумен қамтамасыз етілген. Қосымша екі елді мекенді ауызсумен қамтыдық. 2022 жылдың соңында аудан халқы 100% ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Демек, алдағы екі жылда қалған 14 елді мекеннің ауызсу мәселесі шешімін таппақ. Айта кетейік, Түркістан облысында әзірге орталықтандырылған ауызсу жүйесімен Сайрам ауданы ғана толық қамтылған. Аудандағы тіршілік нәрін тасып ішіп отырған соңғы ауыл Қызылжарға Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында таза ауызсу құбыры тартылды. Жалпы облыс халқының 91% таза ауызсу пайдаланады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы