III тоқсанда оқушылардың 40 проценттен астамы дәстүрлі оқу форматына көшіріледі
Ал қалған 2 миллион бала оқуын қашықтан жалғастыра береді. Санитарлық ахуал ескеріліп, оқу процесі әртүрлі форматтарда жүргізілмек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Петропавлдық оқушы Ғани Қиянбеков Ғабит Мүсірепов атындағы №43 мектепте 3-сыныпта оқиды. Карантинде қашықтан оқыған ол қазір дәстүрлі режимде оқиды.
Ғани Қиянбеков, Ғ.Мүсірепов атындағы №43 мектеп оқушысы:
– Карантин кезінде қашықтан оқыдық. Алғашында сабақ оқу маған қиын болды, кейін уақыт өте үйреніп кеттім. Қашықтан оқығанымызға қарамастан, оқу үлгерімім нашарлаған жоқ, екінші тоқсанда тек бір ғана 4 шықты.
Қаңтардың 11-інде басталған үшінші тоқсан 20 наурызға дейін жалғасады. Бүгінде елімізде мектептерде 3,4 миллион оқушы білім алуда. Олардың 2 миллионы 3 тоқсанда қашықтан оқитын болады, қалғаны – дәстүрлі форматта.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
– Бұл тоқсанда дәстүрлі форматта оқыту екінші тоқсандағыдай 1-5 кезекші сыныптарда жалпы білім беретін мектептерде және халықаралық мектептерде бірінші, 7-сыныптарда дәстүрлі форматта оқыту қарастырылған. Сонымен қатар екінші тоқсандағыдай 300-ге дейінгі оқушысы бар мектептерде оқыту дәстүрлі форматта ары қарай жалғастырылып келе жатыр.
Білім министрлігінің мәліметінше, бұл тоқсанның бір ерекшелігі 9-11-12-сыныптар үшін жалпы білім беру халықаралық және зияткерлік мектептерде оқу штаттық форматта басталды. Қазақ тілі және әдебиеті, алгебра, геометрия, физика, химия, Қазақстан тарихы, шет тілі секілді негізгі пәндерді мектепке келіп оқиды. Ал қалған 30 проценті информатика, дене шынықтыру, әскери дайындық пәндері бойынша қашықтан білім алады. Бір сабақ уақыты жарты сағаттан асырылмауы тиіс.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
– Кәсіби техникалық білім беру мекемелеріне тоқтайтын болсақ, елімізде 796 колледж жұмыс атқарып келе жатыр. Осыған дейін екінші семестрде оқығандай, студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқытылатын болады. 1-курс студенттеріне штаттық форматта оқуға рұқсат етілді. 1-курс студенттерінің саны 149 мыңнан асады.
Елімізде 128 жоғары оқу орны бар, онда 620 мыңға жуық студент білім алып жүр. Оларға да аралас формат ыңғайлы деп танылып отыр.
Мирас Дәуленов, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
–18 қаңтар мен 15 ақпан аралығында көктемгі семестр басталады. 1-курс студенттерін олар үшін оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылатын болады. Яғни дәрістер онлайн форматта, ал семинарлар қолданбалы сипаттағы, зертханалық және практикалық сабақтар күндізгі форматта өтеді.
Ал 2-3-4 курс студенттері оқуларын қашықтан жалғастыра береді.
Авторы: Индира Жылқайдарова