Түркістан қаласында салынған көпқабатты тұрғын үй қайта жөндеуді қажет етеді
Арна тілшілері бұл мәселені бірнеше ай бұрын көтерген болатын. Алайда мәселе шешімін таппады. Тұрғындар үйдің қабырғасындағы жарықтардың үлкейгендігіне алаңдаулы.
Бұл үй осыдан 1 жыл бұрын пайдалануға берілген. Алайда көп ұзамай қабырғалары жарылып, сызықтар пайда болған. Жаңа баспанаға кіріп, қоныстойын тойлаған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Олар пәтер ішіндегі жарықтардың үлкейіп келе жатқанын айтады.
Жарықтар тек қабырғада ғана емес, үйдің жертөлесінде де бар. Іргетасы отырған соң тіреулердің арасы ашылып, қозғалып тұр.
Бұл мәселе өткен жылдың соңына қарай көтерілді. Сол кезде қала әкімдігі жауапты мердігерге олқылықты тез арада жоюды тапсырған. Ал құрылысшылар желтоқсан айында көпқабатты үйдің іргетасының астынан бес жерден көлденең бетон қойып, табанын нығайтқан. Жарылған қабырғаларды гипспен бітеген. Алайда тұрғындар бұдан жағдайдың өзгермегенін айтады.
Сәуле Молжігітова, қала тұрғыны:
– Істеп бергенін қайтейін, артынан сөгіліп, жарылып жатыр. Ол ертең қандай нәрсе болады? Бала-шағамыз үшін қорқамыз. Әр жерден жарылып жатыр. Төбеден, астынан. Міне, жарылған жерлер, қараңыздар, былай сызылып жатыр. Жарық қалай пайда болды?.
Қала әкімі Рашид Аюповтың айтуынша, бұл үйді апатты деп айтуға болмайды. Сондықтан ол тұрғындарды алаңдамауға шақырды.
Рашид Аюпов, қала әкімі:
– Негізінде ол жерде судың құбыры жарылған. 3 ай бойы ешкім қарамаған. Ол рас. Су іргетасқа әсер етіп, содан отырған. Бүгін бәрі орнына келтірілді. Енді жарылған жерлерін қалпына келтіріп жатырмыз. Ол үй апатты емес. Ол жерде тұруға болады, толық қауіпсіз.
Қазір осы үйді салған мердігер тағы екі үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Ал олардың сапасының қандай болатынын уақыт көрсетеді. Бірақ қала әкімінің айтуынша, көпқабатты бұл үйлер еліміз бойынша ең арзан баспаналардың бірі саналады. Өйткені әрбір шаршы метрі – 122 мың теңгеден.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы