ШҚО шаруалары соттасып жүр
Қора салып, оған мал толтырып толық инфрақұрлым жүйесін тартады. Былайша айтқанда, бар жиған-тергенін сол кішігірім кәсіпке салып, дөңгелетейін деп жатқанда, шаруалығынан айырылып қалған. Өйткені арада төрт жыл өткен соң сол шаруашылықтың бұрынғы қожайыны келіп: «Қожалық заңсыз саудаға шығарылды», – деп сот орындаушылардың өзін сотқа берген. Содан бері шаруа не істерін білмей, сот табалдырығын тоздырып жүр екен.
Қанша қаражат салғанын шаруашылықтың қазіргі иелері төрт жылдан бері дәлелдеумен әлек. Тек бұзылған үй мен қираған қораны жөндеп қалпына келтіруге 15 млн теңге жұмсаған. Біртіндеп мал басын көбейте бастағанда, шаруашылықтың бұрынғы иесі қожалықты банкрот деп танып, оны аукционға шығарған сот орындаушыларының өзін сотқа береді. Енді тараптардың тартысынан шаруашылықтың қазіргі иесі зардап шегіп отыр.
Айнұр Өркенова, шаруашылықтың іс жүргізушісі:
- Әрі қарай жұмыс істейміз бе, жоқ па? Осыны білмей отырмыз. Енді біздің кінәміз не? Біз ешкімнен тартып алған жоқпыз. Аукцион арқылы сатып алдық.
Аукцион арқылы сатып алып, қожалықты заңды құрғанын соттың бәрінде дәлелдеген. Бүгінге дейін атқарған жұмысын да көрсеткен.
Тұрахмет Өркенов, шаруашылық жетекшісі:
- Екі жүз, үш жүз метрдей тоқ алып бардық. Жоқ болатын. Су тарттық. Қаншама еңбек еттік. Зейнетақымды алып, бар қаражатымды салдым. Енді не боларын білмеймін.
Бәрі дұрыс екенін сот та айтып отыр. Алайда бұрынғы шаруашылық банкрот болғаны туралы сот шешімінен соң он күн өткенде ғана саудаға шығаруы тиіс екен. Алайда сот орындаушылары бес күннен соң бірден аукционға қояды. Сондықтан бұрынғы қожалық иесі жер мен мүлік заңсыз саудаға шығарылғанын алға тартқан. Алайда бұған дейін өткен сот тыңдауларында оның шағымы қанағаттандырылмаған.
Айжан Слямбаева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
- Соттың 2020 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот шешімі бүгінгі күнге дейін заңды күшіне енбегендіктен, бұл іс бойынша қандай да бір түсніктеме әзірге бірелмейді.
Жалпы шығыста шаруашылық жүргізуде жер мен мүлік дауына қатысты 288 арыз-шағым түскен. Кейбір шаруа мемлекет берген субсидияны кері қайтарып жатыр. Сағындық Сапаров шаруашылығына күннен қуат алатын панельдер орнатып, 2 920 000 теңге субсидия алған. Бірақ арада жыл өткенде демеу қаржы артық төленгені және оны қайтару туралы ауыл шаруашлығы басқармасына хат келді.
Дұрыс берілмеген субсидияны қайтару туралы хат шығыста 13 шаруашылыққа жолданған. Жалпы аймақта 2018 – 2020 жылдар аралығында субсидияны алу-беруге қатысты облыстық Экономикалық тергеу департаменті 33 іс қозғап, сегізі сотқа жолданды. 22 тұлға жауапқа тартылды. Мемлекетке 114 млн теңге зиян келгені анықталған. Аталған қаржының 76 млн-ы ғана қазынаға қайтарылды. Ал таласқа түскен Қызылтас қыстағына қатысты сот әлі ұзаққа созылатын түрі бар.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабаханов