Былтыр 26 мыңға жуық адам көлік жүргізу құқығынан айырылды
Бұл туралы Полиция департаментінің мамандары айтты. Құық қорғау қызметкерлерінің сөздеріне сүйенсек, ұрлық 54%, тонау 56% азайған екен. Жол-көлік оқиғалары да бірашама кеміген. Мәселен, былтыр ереже бұзғандардың саны 17,2% азайған. Көбіне ережені ішімдікке тойып алып, көлік тізгіндегендер бұзады. Былтыр мас күйінде көлік жүргізгені үшін 988 адам әкімшілік қамауға алынды. Бұл айтылғандар елордада болған оқиға екен.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Былтыр 26 мыңға жуық адам көлік жүргізу құқығынан айырылды. 21 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынды. Көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін 21,4 мың азамат ұсталды. Осындай келеңсіздіктердің алдын алмаса, өлім-жітімнің көбейетіні белгілі.
Серік Түсіпов, ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары:
- Жолдағы қауіпсіздіктің негізгі факторы – жүргізушілердің тәртібі. Былтыр жүргізушілер 1 млн 600 мың рет жол белгілерінде көрсетілген талаптарды орындамаған. 220 мыңнан астам жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдаған. Тағы 188 мың көлік иесі рұқсат етілмеген жерге тоқтаған. Сондай-ақ 2020 жылы 21 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталған. 25 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігінен айырылды.
Жол апаты елімізде ең жиі болатын. Атап айтқанда, жаяу жүргіншіні қағу, көліктің аударылуы және көліктердің бетпе-бет соқтығысуы. Яғни мерт болған адамдардың 64% осы аталғандар бойынша апатқа ұшырайды екен.
Былтыр жылдамдықты шамадан тыс асырғанның кесірінен 2 783 жол апаты тіркелген. Салдарынан 397 адам қаза тапса, 3 508 адам жарақаттанды.
Министрлік өкілдері таратқан мәліметке сәйкес, былтыр жол апатынан қаза тапқандардың саны 17% қысқарыпты. Ал жол көлік оқиғаларының саны 18,7%, зардап шеккендер саны 19,5% азайыпты. Айтуларынша, қазір жол қозғалысын қадағалауға 2 мың экипаж жұмылдырылған.
Бұдан былай көше мен қоғамдық орындарға «SOS түймешесі» орнатылады. Жедел шақыру құрылғысы арқылы полицияның көмегіне жүгінуге болады немесе қандай да бір құқықбұзушылықты байқап қалсаңыз, бірден хабарлай аласыз. Сондай-ақ биыл «102» мобильді қосымшасы іске қосылады. Министрлік тарапынан жүзеге асырылатын тағы бір жоба «Тап мені» деп аталады. Бұл арқылы сіз балаңыздың қайда жүргенін смартфон арқылы бақылай аласыз. Яғни трекерді баланың киіміне немесе сөмкесіне жабыстыру арқылы оны қашықтан бақылауға мүмкіндік туады.
«Мұндай жобалар арқылы еліміздегі қылмыс санын едәуір азайтуға болады», – дейді мамандар. Мәселен, былтыр ел бойынша қылмыс саны 30% қысқарыпты. Соның ішінде ең жиі болатын ұялы телефон ұрлығы 51% азайған екен. Ал пәтерді тонау 63% кеміген.
Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- «Жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру үшін 2021 жылдың өзінде учаскелік инспекторлардың санын ұлғайту, учаскелік полиция пункттерінің желісін дамыту жоспарланып отыр. Олардың орналасу орындары халықтың тығыздығын ескере отырып таңдалады. Бұдан басқа осы қызметтің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылады және учаскелік полиция инспекторларының өкілеттіктері ұлғайтылады.
Өткен аптада ел аумағында 3 мыңнан астам қылмыс жасалыпты. Оның 2103-інің бір тәулік ішінде беті ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай тоғыз кісі өлтіру, үш өлімге әкеліп соққан денсаулыққа әдейі ауыр зиян келтіру, бес қарақшылық, 520 бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысын әшкереледі.