Павлодар облысында карантинде қоғамдық тамақтану орындарының 70% жабылып қалды
Шектеу шаралары кезінде мейрамхана мен дәмхана сияқты нысандар зардап шекті. Сол күйі ашыла алмай қалған нысандар да баршылық. Миллиондап шығынға батқан кәсіпкерлер аймақтың Бас санитарлық дәрігеріне үндеу де жасаған. Себебі өңір қызыл аймақта болған кезде дәмханалар мен мейрамханалар 88 күн бойы тұралап қалғаны белгілі.
27 жастағы Болат Майрашов бұл мейрамхананы ашуға 50 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Қажет құжаттарын рәсімдеп, тиісті рұқсаттарды алған соң, ашыла алмай қалды.
Болат Майрашов, кәсіпкер:
- Қаржылық айналымға қосымша ақша керек. Себебі мейрамханамызда ашылуға барлығы дайын. Тек азық-түлік пен барға қажет өнімдерді сатып алуымыз керек. Ендігі жоспарымыз – инвестор табу. Қазіргі уақытта нысанды ашуға алған несие бойынша берешек болып қалдым.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл қоғамдық тамақтану нысаны ашылуға дайын тұр. Тиісті ыдыс-аяқтар мен құрал-жабдықтар да сатылып алынған. Тіпті ас мазірі әзірленіп, 20 адамнан құралған ұжым да жұмысқа орналасқан. Дегенмен нысан жұмысын бастай алмай отыр. Негізгі себеп бастапқы қаражаттың болмауында.
Ал бұл мейрамхана бір ай бұрын ашылды. Қазіргі уақытта тәп-тәуір жұмыс істеп жатыр. Десе де, шектеу шаралары біраз ыңғайсыздық тудырған. Мәселен, 300 орындық залға 30 адамды отырғызуға рұқсат.
Шыңғыс Дарбаев, мейрамхана директоры:
- Монитоирнгтік топтар, учаскелік инспекторлар, полиция қызметкерлері жиі келеді. Ескертулер айтады. Бас-аяғы бес рет тексеру болды. Олардың айтуынша, біздің мейрамханамызға шағымдар түскен. Дегенмен біз бірде-бір санитарлық ережені бұзған жоқпыз.
Павлодар облысы – қызыл аймақта ұзақ болған жалғыз өңір. Шектеу шараларынан қоғамдық тамақтану орындары өзге салаларға қарағанда көбірек зардап шекті. Қоғамдық тамақтану қауымдастығының мәліметінше, облыста карантинге дейін 490 нысан жұмыс істесе, олардың 70% жабылып қалған.
Вероника Нұрпейісова, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:
- Алдағы уақытта мейрамханаларға 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріліп, демалыс күндері шектеу болмаса, жағдай түзеледі. Егер шектеу қойылса, онда ондаған кәсіпкерлік нысаны жабылып қалуы әбден мүмкін. Мәселен, соңғы бір жылда облыста 40 объект бір жыл бойы іске қосыла алмады.
Карантин кезінде санитарлық ережелерді елемегендер де болды. Мәселен, жыл басынан бері мониторингтік топтар 16 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанын тексерген. Нәтижесінде 102 бизнес объектісіне айыппұл салынды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков