Павлодардағы көпқабатты үйге жылу жетпей жатыр
Бұрын бұл нысанның орнында шағын дүкен болыпты. Бірнеше жыл бұрын сауда нүктесі ғимаратқа айналып, енді жұрттың мазасын алуда.
Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты баспананың жылу беру жүйесінде ақаулар пайда болған. Қыста бірнеше пәтер тұрғыны бүрсең қаққан. Алаңдаған жұрт өздері тексеріс жүргізіп те үлгерген.
Тұрғындар: «Бұл мәселе сегіз жыл бұрын туындаған», – дейді. Бұған дейін дүкен, кейін бизнес кеңейе түсті. Жақын маңдағы көпқабатты үйдегі 80 пәтерге жылу тиісті деңгейде жетпей жатыр. Бұған жапсарласа салынған ғимарат себеп. Тұрғындардың айтуынша, нысан тұрғын үйдің жылу жүйесіне тікелей қосылған.
Людмила Белова, бастамашыл топ жетекшісі:
- Нормативтік құжаттарға сәйкес заңбұзушылықтар бар. Қала әкімдігінен осы жағдайға қатысты шара қолдануды сұраймыз. Сонымен қатар біз жазған хаттарға жауап беруді өтінеміз. Өзіміз тексеріс жүргіздік. Бөтен нысан қосылған. Енді оны қалыпқа келтіру үшін шамамен 400 мың теңге қаражат керек.
Азаматтар жергілікті билік өкілдеріне де сан рет шағымданған. Бірақ үн қатқан ешкім жоқ.
Шағымнан соң жауапты мамандар тексеріс жүргізген. Нәтижесінде дәмхананың орталық жылу жүйесіне қосылғаны анықталды. Кәсіпкер энергия таратушы ұйыммен келісімшарт жасап, қызметін заңды түрде дөңгелеткен. Нысан иесі тиісті құжаттарын да көрсетті. Алайда камера алдында сұхбат беруден бас тартты.
Салтанат Әкімбекова, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Павлодар қаласының әкімдігі тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғын үй саласындағы даулар сот арқылы реттелу керек. Шағымданушыларға соттың көмегіне жүгінгені абзал.
Екатерина Байжұманова, жылу тарату кәсіпорнының өкілі:
- Заңды тұлғаның жылу желілері техникалық шарттарға сай жұмыс істейді. Баланстық иелік жөніндегі акті рәсімделген. Бүгінгі таңда нысанның жылулық жүктемесі бекітілген техникалық құжаттарға сай. Мөлшерлемені асыру туралы деректер тіркелген жоқ.
Дәмхана иесі нысанның шаршы метрін одан бетер кеңейтуге өтініш білдірген. Бірақ рұқсат ала алмады. Себебі жылу тарату құбырлары әбден тозған. Яғни қосымша жүктемеге шыдас бермеуі мүмкін. Осы қыстың өзінде қалада бірнеше коммуналдық апат болды. Желілер жаңартылмаса, жүздеген көпқабатты үйге жылу тиісті деңгейде жетпей қалуы мүмкін.
Авторлары: Ақмарал Есміханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат