Тура бір жыл тұтас республика бойынша алғашқы төтенше жағдай жарияланды
Әрі оның ұзаққа созыларын ол кезде ешкім болжап білген жоқ. Тұтас қалалар жабылды. Коғамдық орындар мен мектептер, кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Қазақстандықтар алғаш рет «қашықтан» жұмыс істеуге көшті. Ал оқушылар «онлайн білімге» ойысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін таңғы сағат 08:00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады.
Көпшілік көктемді күтіп жүргенде, Қазақстанға коронавирус келді. Сөйтіп, 2020 жылдың көктемі өктем жарлықтан басталды.
Төтенше режим, карантин, локдаун. Қазақстандықтар үшін мұның бәрі таңсық әрі үрейлі болатын. Себебі ел тарихында бұрын-соңды тұтас республика бойынша төтенше жағдай жарияланбаған еді. 30 тәуліктік режим кейін тағы ұзарды. Қазақстанда төтенше жағдай 11 мамырға дейін созылды.
Коронавируспен күреске Қазақстан осы бір жыл ішінде қомақты қаржы жұмсады. Республикалық бюджеттен бір миллиардтан артық АҚШ доллары бөлінді. Бұл – ұлттық ақшаға шаққанда 471 млрд теңге. Соның көп бөлігі, нақтыласақ, 115.4 млрд теңгесі денсаулық сақтау саласына берілді. Тас түскен жеріне ауыр, бұл індет біздің денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелерді ашып көрсетті. Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев коронавирус инфекциясының біздің медицинаға берген бір пайдасын атап айтады. Ол – ашықтық. Денсаулық сақтау саласы осыған дейін өз алдына жабық жүйе болатын, қазір қоғамда ең көп әрі тым қызу талқыланатын тақырыпқа айналды.
Қайырғали Көнеев, медицина ғылымдарының кандидаты:
- Қаншама қаржы бөлінсе де, ол жағдайды құтқармайды. Бөлінген қаржы кісілердің қалтасына кетеді, денсаулық сақтау жүйесін өзгертпейді. Оны өзгерту үшін, біріншіден, қоғамдық тәртіп болуы керек. Екіншіден, жемқорлықпен күресу қажет.
Дүниежүзілік банк сарапшылары: «2020 жыл – Қазақстан үшін соңғы жиырма жылдағы ең күрделі кезең», – деп баға беріпті. Жығылғанға жұдырық, былтыр Қазақстанның негізгі экспорты – мұнай құны құлдырап, бір баррелі 21 долларға дейін түсті. Бірақ сарапшылар мұның да оң әсері болғанын айтады. Экономиканың нақты секторында өсім бар. Пандемия оң әсер еткен сектордың тағы бірі – цифрландыру саласы.
Мақсат Халық, экономист:
- Ақшаның цифрлық ізі сақтала бастады. Бұл – өте жақсы құбылыс. Өйткені бұл көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып жатыр. Оған соңғы статистиканың өзі дәлел бола алады. Осыдан бір жыл бұрын ЖІӨ 30% көлеңкелі экономика еді. ЖІӨ 70 трлн теңгенің көлеміндегі қаражат десек, 30% – 21 трлн асатын қаражат көлеңкеде жүретін.
Мемлекет мүмкіндігінше бар салаға қол ұшын созды. Дегенмен елдің ең басты байлығы – оның адамдары. Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде табысынан айрылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде төлем берілді. Бұл жәрдемақыны 4 млн 600 мың адам алған. Оған жұмсалған қаражаттың көлемі 476 млрд теңгеден асты. Ең бастысы, бұл індет қазақстандықтарды үнемге үйретті.
Мақсат Халық, экономист:
- Экономиканың үлкен бір тарауы – «behavioral economics», яғни тұтынушы іс-қимылының болып жатқан жағдайға байланысты бейімделу процесі. Бұрын тойдың көп болуына байланысты әшекей бұйымдарға, әдемі көйлектерге сұраныс өте көп еді. Қазір халыққа ондай шығын керек емес. Енді адамдар пайдалы тағам, иммунитетті дұрыстау үшін дәрумен жейтін болды. Бұл ұлттың денсаулығын жақсарту үшін керек.
Өткен жылдың 6 сәуірінен бастап қазақстандық оқушылар қашықтан оқуға көшті. Отандық білімді онлайн форматқа ойыстыру үшін бюджеттен 71 миллиард теңге бөлінді. Бірақ біздегі білім мұндай тәжірибеге дайын болмай шықты. Коронавирустың білімге келтірген нұқсанын санап шыға алмаймыз, тек келтірген кесірін кейін көрмесек болды.
Коронавирус атты індетпен әркім әлі келгенше күресті. Әншілер ән жазды, біреулер жалғыз, енді біреулер бірікті. Осылайша, Қазақстан індетпен күрестің бір жылын бастан өткерді. Жоғалтқанымыз көп, бірақ тапқанымыз да аз болған жоқ. Ең бастысы, бұл жыл бізге жақыныңа шын жанашыр болу керегін ұғындырды. Алда не тұр? Бір сауал, сан болжам. Бірақ бір нәрсе анық, енді ештеңе де бұрынғыдай болмайды...
Авторы: Гүлжан Марқабаева