QazCovid-in отандық дәрінің дәрмені басқалардан кем түспейді
Брифингте сөз сөйлеген мамандар осылай деп отандық препаратқа шаң жуытпай отыр. Ол дұрыс-ақ. Себебі дүниежүзінде бүгінге дейін 268 вакцина тіркелгенімен, басым бөлігі сынақты сәтсіз аяқтаған. Білім және ғылым министрінің орынбасары Еркін Дәуітбаевтың сөзінше, қазақстандық дәрі қауіпсіз. Оны ең алғаш рет сириялық атжалман мен макакаларға егіп көрген екен. Айтпақшы, былтыр оларға сұраныс көп болған. Себебі талап бойынша вакцина кез-келген жануарға салынбайды. Препарат әзірлеу кезіндегі кідірістің негізгі себебі де осы сияқты.
Қазір вирустың жаңа штамы пайда болғаны белгілі. Оған қолданыстағы «Спутник V» вакцинасы төтеп бере алады екен. Ал біздікі ше? Мамандар отандық дәрінің дәрмені ресейдікінен кем түспейді деп сендіріп отыр. Қазір КазКовидИн – клиникалық зерттеудің үшінші сатысында. Бұйырса сәуірдің соңында қоймаға жеткізілуі ықтимал. Естеріңізде болса, осыған дейін Алексей Цой отандық препарат сәуірдің басында дайын болады деген еді.
Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
- Негізінде қазір вакцинаның алғашқы партиясы дайын тұр, биологиялық бақылауда. Адамдарға берместен бұрын оны бірнеше жануарлардың топтарына зерттеуіміз керек. Осы сәуір айының аяғында Денсаулық сақтау министрлігі рұқсатын берген жағдайда мұны «СҚ Фармация»-ның қоймаларына жеткіземіз.