Қостанайда жеті елді мекенді су басу қаупі бар
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы осындай болжам айтты. Сол жылғы тасқында өңірдегі жүзден астам үйді су басқан еді. Қазіргі тоң қабатының қалыңдығы мен ылғал мөлшері дәл сондай қауіп тудырып отыр.
2017 жылы өңірдегі 14 елді мекенді су шайып кетіп, мыңға жуық үй жануары мен құсы қырылып қалған еді. Жалпы шығын мөлшері 200 миллион теңгеге жетті. «Биыл да сондай табиғи апат туындауы мүмкін», – дейді мамандар.
Біржан Кәрімов, Қостанай облыстық ТЖД басшысы:
- Бүгінгі күні қардың биіктігі орташа нормадан жоғары 23 см. Облыстың барлық ауданында жоғары 82 және 100 мм-ді құрайтын топырақтың қатуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Қалыптасқан гидрометерологиялық жағдайларды ескере отыра, 2016-2017 жылдардағы көктемгі су тасқыны сценарийінің қайталану ықтималдығы бар.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Жеті жыл бұрын су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың бірі – Қарабалық ауданы. Мұнда сол кезде 7 ауылды су басқан еді. Биыл да сол елді мекендерге қауіп төніп тұр. Олардың барлығы Тоғызақ өзенінің бойында орналасқан. Егер табиғи апат туындай қалса, мамандардың айтуынша, 41 үйге су кіруі мүмкін.
Бұл ауданда апаттың алдын алудағы тағы бір қиындық өзен мұзын жаруға болмайды. Өйткені өзен шекараға таяу орналасқандықтан, жарылғыш зат қолдануға тыйым салынған. Ал Приречный ауылының маңындағы өзен иірімі – ең қауіпті тұс.
Ерден Нұржанұлы, Қарабалық аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Қатты ағыс кезінде сол жерде мұз кептелісі болады. Жолы бітелгесін, су ауылға жайылады. Ондай жағдайға ұрынбас үшін біз мұзды арамен кесіп, ойып, ұсатамыз.
Ауданда табиғи апатқа қарсы тұратын жедел әрекет ету жасағы құрылған. Арнайы техника, құрал-жабдықтармен жарақталған топ тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Тосын жағдайға жол бермеу үшін мұнда қазір барынша қам жасалып жатыр.
Ерболат Қисықов, Қарабалық аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:
- Аудан аумағындағы жол бойында су өткізгіш 79 құбыр бар. Солардың барлығы толық тазартылды. Сондай-ақ елді мекендерден 9 мың 411 текше метр қар шығарылды.
Айта кетелік, облыстың барлық ауданында су тасқынының алдын алуға және оның зардабын жоюға қаржы қоры құрылды. Бүгінде онда 800 миллион теңгеден астам ақша бар. Одан бөлек жеткілікті көлемде жанар-жағармай, инертті заттар мен қапшықтар дайындалған.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг