ШҚО-да 20 мыңға жуық адамға вакцина салынды
Әсіресе соңғы бір аптада емханаларда вакцина кезегін күткендер көбейді.
Жұқпалы індетке қарсы вакцина салу басталғанда елдің елеңдегені рас. Бірақ түрлі түсіндірме жұмысының нәтижесінде қазір екпеге деген елдің күдігінен үміті басым. Әсіресе жасы егде адамдар бірінен соң бірі келіп, салдырып жатыр.
Аманкелді Жанпейісов, зейнеткер:
- Мен өзім сұранғам, содан кейін маған хабарласып шақырды. Өзім келіп отырмын. Бәрі жақсы, тіпті мұнда шай да даярлап қойыпты. Екпе салдырған соң әрбір адамды жарты сағат дәрігерлер қадағалайды. Кейбір емханалар ыстық шай беріп, көңілдерін аулайды. Ал қорқатын адамдар болса, екпеге дейін және одан кейін психологтармен кеңесе алады. Екпе салмас бұрын дәрігерлер барлық ережемен мұқият таныстырып, денсаулығыңды тағы бір тексеріп шығады.
Олжас Керейхан, тілші:
- Медицина саласында «ұжымдық иммунитет» деген ұғым бар. Яғни кез келген індетке қарсы вакцина салдырған адам өзінің әріптестерін, жақын-жақпайларын аурудан қорғау деген сөз. Сондықтан коронавирусқа қарсы екпені бізде салдыруды жөн деп таптық.
Екпенің толық курсын алған адамның аты-жөні және қандай елдің вакцинасын салдырғаны туралы ақпарат денсаулық сақтау саласының порталында тұрады.
Айжан Ахмадиева, дәрігер-терапевт:
- Бұл бізде «вакциналау төлқұжаты» деп аталады. Бұл шекарадан шыққан кезде қажет болады. Сондай-ақ басқа мекемелерге барған кезде талап етіледі. Вакцина қойды ма десе, телефон арқылы кіріп көрсетуге болады.
Аймаққа вакцина дозасы кезең-кезеңмен жеткізіліп жатыр. Ақпанның басында 18 200 данасы әкелінсе, екінші кезеңде тағы соншасы жеткізілді. Қазір бастапқыдай емес, вакцина салдыруға елдің ықыласы артқан.
Рая Рахимова, емхана меңгерушісі:
- Бүгінгі таңда вакцина жасап жатқан адамдарымыз – диспансерлік есепте тұратындар. Оларға қатты көңіл бөлеміз. Қант ауруымен ауыратындар, жүректері ауыратындар, тіпті онкологиялық аурумен ауыратын адамдар да бар. Егер олар химиялық терапияны алып жүрмесе, онкологпен ақылдасып, содан кейін ғана вакцинаны салу мәселесін қарастырамыз.
Өңірде жалпы бүгінге дейін 20 мың адамға екпе егілген. Тек Өскемен мен Семей ғана емес, Қатонқарағай, Бородулиха және Тарбағатайдың халқы жаппай егіліп жатыр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин