Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде егіс алқабы 7 млн гектарға ұлғайған
Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде салада қандай өзгерістер болды?
Мысалы, егіс алқабы 7 млн гектарға ұлғайыпты. Егілетін дақыл да түрленген. Дәстүрлісі 500-ге жуық болса, майлы дақылдардың екі жүзден астам сұрыпы егіледі. Ол үшін ғалымдар біраз тер төкті.
Тәуелсіздігімізді енді алған кез. Тұтынушы – өнім, өндіруші – сататын орын таппай, кейде техника мен қойма жетпей, бар мәселені шешіп, істі бір жүйеге келтіргенше, арпалыспен алғашқы он жыл өтті. Мамандар: «Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуы 2000 жылдардан басталды», – деп санайды. Сол кезде егістік алқабының көлемі 16 млн гектар болыпты. Қазір ол 23 млн гектарға жуықтайды.
Айжан Жұмабекова, ҚР АШМ сарапшысы:
- Елімізде барлық ауыл шаруашылық дақылдары егіледі. Ол әр аймақтағы климаттық жағдайларға байланысты. Көкөніс, дәнді-бұршақты дақылдардың барлығы егіледі.
Ауыл шаруашылық саласындағы ғылыми жұмыстарға тоқталсақ. Топырақтың құрамын тексеріп, нарықтың аяқ алысын бағалаған шаруалар кәсібін әртараптандырды.
Алдаберген Қияс, ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі:
- Егер де ауыспалы егіннің 50% – дәнді-дақыл құраса, 25% – майлы дақылдар, 25% – дәнді бұршақ, соларды орналастыру арқылы біз әр гектардан өнімді арттыра аламыз. Осы ауыспалы егістер арқылы біз өңделген жерлердің сапасын арттырып, жақсы өнім алуға кепілдік береміз.
Жаңа сұрып жасауда да жетістіктеріміз бар. Қызылордалық ғалымдар «Айсара» атты күріш түрін шығарды. Дәні ұзын әрі көлемді. Ақуызға бай. Мұндай сапаға ие күріш жергілікті тұқымдармен салыстырғанда халықаралық нарықта 4 есе қымбат тұрады. Оны шығару үшін ғалымдар 17 жыл уақыт жұмсаған. Биыл осы «Айсара» күрішінің тұқым қоры молайтылады. «Содан кейін облыс көлемінде жаппай егу жоспарланып отыр», – дейді ғалымдар.
Александр Подольских, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
- Біз «индика» тұқымына жататын ең жақсы сұрып үлгілерін таңдап алып, будандастыру жұмыстарын жүргіздік. Еңбегіміз зая кетпеді. Климаты қатаң өңірге бейімделген өсімдіктер шыға бастады. Бұл әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалық болары сөзсіз.
Дәстүрлісі бар, жаңасы бар Қазақстан бүгінгі таңда өзін негізгі тұтыну тауарларымен қамтамасыз етіп отыр.
Айжан Жұмабекова, ҚР АШМ сарапшысы:
- Жармалардың түрлерімен, яғни күріш, қарқұмық, сұлы, бидай жармалары, макарон өнімдерімен, өсімдік майы және крахмал өнімдерімен толық 100% қамтамасыз етіледі.
Айтпақшы, 30 жылда еліміздегі майлы дақыл өндірісі – 18, бақша дақылын өсіру 5 есеге артыпты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин