Жамбыл облысына қарасты Ерназар ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр
Халық бұл мәселені көтергелі 30 жылға жуықтаса да, шешілер емес. Жол мен апатты жағдайдағы көпірдің кесірінен ауданнан қалаға қатынайтын жалғыз автобус та жүрмей қалған. Жолдың жоқтығы ерназарлықтарды әбден титықтатып, қажытып жіберген. Жөні түзу жол болмаған соң бұл жермен көлік те жүрмейді. Жұрт көрші жатқан аудан мен ауылдарға әрең қатынайды. Небәрі бес минуттық жерді сағаттап жүруге мәжбүр.
Әбді Елшібеков, Ерназар ауылының тұрғыны:
- Мына жол көп болса 4,5-5 шақырым. Мына жерде кезінде Қаратауға су айдаған «Насосный» деген жер бар. Міне, соған жету – бізге мұң.
Бұл мәселенің шешілмей тұрғанына ширек ғасырдан асқан. Мұқтаждықтан ауылдық ағайын жергілікті билікке талай рет шағымданған. Алайда әкімдер құрғақ уәде мен бос сөзден әріге бармаған.
Сәндіхан Әуесханұлы, Ерназар ауылының тұрғыны:
- Ауданның әкімі келеді. Әй, көке, мынадан өлетін болдық десек, ешкім тыңдап жатқан жоқ. «Қатырамыз, қатырамыз», – дейді. Үш жылдан кейін ол ауданның әкімі жоқ.
Ерназар ауылы Жамбыл ауданына қарағанымен жұрт сүт пен ірімшігін, қаймағы мен айранын Қаратау қаласына апарып сатады. Осы жолдың бойында дәл осылай күнелтіп отырған бірнеше ауыл бар. Соңғы жылдары жолдың нашарлығынан елді тасымалдайтын жалғыз автобус та жүрмей, тоқтап қалған.
Мақсұтхан Құрмашев, Ерназар ауылының тұрғыны:
- Бұл мәселені шешу керек. Оны шешу үшін көпір, жол салу керек. Елге не керек? Өмір, жақсы тұрмыс керек. Сондықтан көпірді жөндеу керек. Кім үшін тірлік?
Жұрттың сұрап отырғаны – Талас пен Жамбыл аудандарын жалғап жатқан Қойгелді-Ерназар бағытындағы аудандық мәндегі жол. Бес шақырымдай бөлігіне асфальт төселмеген. Кезінде 45 миллион теңгеге төселген шағал тастың қазір тек ірілері ғана қалған.
Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл жұмыстар сараптамаға сәйкес болып тұр. Сіздерге нақты енді бір ай көлемінде деп айтайын. Ол жұмыстар, конкурстар бәрі бітетін болса, жолдар басталады. Бес шақырым асфальт жұмыстары 18 миллионға жасалынатын болады.
Бұл жол салынса, көлік нөпірі көбейіп, 6 елді мекенде барыс-келіс артады. Дүкен, көлік жөндеу орындары, шәйхана сияқты нысандар ашылып, шағын кәсіпкерлік дамиды. Ең бастысы, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы біршама түзелер еді. Алайда 30 жылға жуық уақыт бойы бұл іске немқұрайлы қараған әкімдіктің енді жол салып беретініне жұрт күмәнмен қарайды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев