Елордада ашаршылыққа арналған жинақ жарық көрді
Арасында Ресей архивтерінен алынған материалдар да бар.
Мамандар мәліметтердің барлығын небәрі 3 айда топтастырып, қалың елге жария қылып отыр.
Тоқсан жыл өтті. Қаймана қазақты тұқырта шеңгелдеген қасіреттің болғанына ғасырға таяп қалды. Бірақ санада әлі салқын сыз жатыр. «Сол зұлматтан кейбір ғалым 2 миллионға жуық адам шейіт болды», – десе, енді бірі: «4 миллионға тақады», – дейді. Нақты дерек жоқ. Өйткені құпия құжаттар сақтаулы тұрған архивтердің сыртына құлып салынған. Құрыштан құйылған әлгі құлыпты біздікілер ақыры бұзған екен. Талай сырды ішіне бүккен архивтерді ақтара бастады. Там-тұмдап жинағандарын осы жинаққа енгізіпті. Осыған дейін ел естіп-білмеген мәліметтер бар деп сендірді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Осы еңбекте ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер жинақталған. Олар ашаршылықтың алғышарттары мен трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды. Құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді.
Үш томдық кітапты небәрі 3 айда құрастырған. Ішінде 1200 құжат бар. Соның 500-ге жуығы осыған дейін құпия болып сақталып келген. Енді оны кез келген адам көріп, оқи алады. Сосын 175 құжатты Ресей архивтерінен тауып алған. «Бұл – тек басы ғана», – дейді мамандар.
Одақтың оспадар орындаушылары оңдырмады. Төрт-түлікті тегіс сыпырды. Содан мал баққан қазақ жан баға алмай қалды. Қандықолдар малды ғана емес, ілім қуғандардың қолындағы құнды деген кітаптарын да тартып алып отырған. Оның барлығын растайтын құжаттар осы жинақта бар.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Көп шолу жасай келе, кейбір құжаттармен танысқанда адамның аза бойы қаза болатын деректері бар. Байларды қуғындау, олардың мал-мүлкін тартып алу, бала-ашағасына дейін тентіретіп жіберу. Сонымен бірге бір құжатта Каирда оқыған, соның діни дипломын алған азамат болған екен, ол өзінің 45 пұт кітаптары мен дипломдарын қайтарып алу туралы билікке өтініш жазады.
Одақтың озбыр саясатын хәкім Абайдың ұлы Тұрағұл да қатаң сынаған. Онысын хатқа түсіріп, төрде отырғандрға төтесінен жіберіпті. Мұны да осы кітаптан тауып алуға болады. Мамандар мұнымен шектеліп қалмақ емес. «Енді төртінші томын жариялаймыз», – деп бекініп отыр.
Берік Әбдіғали, жинақтың жауапты редакторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жылдың аяғына дейін немесе ендігі жылдың басында 4-томын жасаймыз. Бәрін қосып, ұрандатпай, шын мәнінде осындай құжаттардың бәрін шығарып, зерттеп, құқық маманы мен тарихшылар өз бағасын берулері керек.
Қаралы жылдарды әлі де қазбалайды. Біз білмейтін талай тың мәлімет шығады. Оның барлығы осындай кітап болып жарық көреді. Бұдан ұтарымыз не? Құпия болған бір тілім құжаттың өзі үлкен оқиғаның бетін ашып береді. Сондықтан бұл жинақ талай ғалымға, өткенді түгендеуге тырысып жүрген талай тарихшыға азық болары анық.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Арман Ақшабаев