Каспий теңізінің тағдыры қыл үстінде тұр
Жуырда жарияланған жағалаудың бұрынғы суреттері көпшілікті алаңдатты. Экологтар да дабыл қағуда. «Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін», – дейді мамандар. Жыл өткен сайын Каспийдің табаны құмға, жиегі қайраңға айналып барады. Жағалауы суалып, түбіндегі тастары шығып жатыр. Тұрғындар да теңізшілер де алаңдаулы.
Қырық жылдың көрінісі Сергей Кулькинге етене таныс. Жарты өмірін теңізде өткізген ол қайық жасап, жарыстарға қатысқан. Әлі күнге дейін сүйікті ісін жалғастыруда. 1977 жылдан бастап Каспийдің суы тола бастағанын айтады. Оны мұрағатындағы суреттері де дәлелдейді. Сол жылдары өзі басқаратын «Яхта» орталығының жағалауын су басып қалған. Сондықтан бетоннан айлақ жасапты.
Сергей Кулькин, «Яхта» орталығының басшысы:
- Бұрын осы жерде «Фетис» айлағы болған. Қазір дым жоқ, тек темірлерініің қалдығы көрініп тұр. Су толғанда ескіріп, қирап қалған. Айлақтың үстіне арнайы асфальт салып, адамдар келетін еді. Үстінде тіпті той жасайтын. 2000 жылға дейін су деңгейі көтерілді. Кейін қайтадан түсіп бастады. Бұл арнайы маусымдық құбылыс деп ойлаймын.
Теңіз деңгейі 2006 жылдан бастап 1 жарым метрге төмендеген. Бұл Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетіп қалды. Салдарынан жергілікті кәсіпкерлер зиян шегіп отыр.
Андрей Чулаков, кәсіпкер:
- 10 жылдан бері осы салада келе жатырмын. Бұрын қайықтардың суға бататын тереңдігін биік етіп жасайтынбыз. Қазір бар болғаны 30 см аспайды. Міне, жақында біреуін құрастырдық. Тапсырыс берушілердің де талабы солай. Бұрынғы қайықтар тұрып қалды. Меніңше, бұл Ресейден келетін судың азаюымен байланысты.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Бір кездері су деңгейі осы белгіге дейін жеткен. 15 жыл бұрын бұл жерге шөгімі 2 метрден асатын кемелер келіп тоқтаған. Ал қазір бәрі өзгерді. Көріп отырғаныңыздай, жағалаудағы су деңгейі түсіп кеткен. Үлкен кемелер үшін айлаққа кіру қиын. Тек шөгімі 60 см аспайтын шағын қайықтар ғана кіре алады.
Теңіз деңгейінің минус 28,5 метрге төмендеуі оның экожүйесі үшін қауіпті. Бұл жайт Каспий теңізінің, әсіресе, қазақстандық секторындағы жағалау белдеуінің өзгеруіне алып келді. Экологтар айдыны шағалаға толы, қойнауы қазыналы Каспий Аралдың тағдырын қайталамайды ма деп алаңдаулы.
Кирилл Осин, эколог:
- Еділ өзенінен құйылатын судың азаюы және климаттың өзгеруі себеп. Күннің жылынуынан құрғақшылық жайлап барады. Сондықтан ауаға будың көтерілуі азайды. Айта кетейік, Каспийге 140 өзен құяды, бастысы – Волга мен Орал. Қазір сол өзендердің де су деңгейі төмендеді.
Сондай-ақ ғалымдар: «Алдағы онжылдықта әлемдегі ең ірі тұщы және тұзды су қорының деңгейі айтарлықтай төмендеуі мүмкін», – дейді. Бұл әрине Каспийге де әсер етеді. Сондықтан тез арада нақты шаралар қолға алынбаса, экологиялық ахуал қиындай түспек.
Авторы: Айгерім Ашықбаева