Маңғыстауда ауыл шаруашылығы мәселесі тұрақталып келеді
Атқамінерлер бағаның нарықтан 20% төмен болатынын хабарлады. 10 вагон арпа да тиеліп тұр. Әзірге шаруалар жеке кәсіпкерлердің Оңтүстіктен әкелген шөбін сатып алуда. Құнының шарықтап тұрғанына қарамастан қорадағы жануарының аузына тосып әлек. Ал жем-шөп ала алмағандар малын сатып жатыр. Өңірдегі жағдайға байланысты жергілікті қазынадан 200 млн теңге бөлінген еді.
Биылғы қуаңшылық Амантай Жарқынбековке ауыр соқты. Көктем шыға салысымен қой-ешкілері іш тастап, қозы-лақтары өлі туылған. Қаужаңдаған 20 шақты малы жұтаң топырақты жалап, қу тақырдан тіске басар таппаған. Амалсыз сатып жатыр.
Амантай Жарқынбеков, шаруа:
- Жайылатын жер жоқ, шөп жоқ, жем қымбат, шөптің өзін 2 жарымнан алып жатырмыз. бағуға жағдай жоқ, қазір сүт шықпай жатыр.
Мал базарындағы шаруалардың айтары бір. Төрт-түлігі қолдарына қарап қалған. Жеке кәсіпкерлер 1 тең шөпті 1500-2500 аралығында сатып тұр. Мұнайлы ауданын етпен қамтып отырған кәсіпкер Арыстан Әлібеков соған қарамастан шөпті алады. Әкімдіктің жоспарынан хабардар. Мал бордақылау кешеніндегі жануарларды аш қалдырмас үшін осылай амалдай тұрмақ.
Әйгерім Ашықбаева, тілші:
- Қазір мал бордақылау орнындағы 600-дей қой, 200 бас ірі қараға Ақтөбеден әкелінген мына сары шөп салынады. 3 ай бойы малдар күніне 400 келідей шөппен қоректенеді. Бір жыл бұрын малдар құрамы бұдан да сапалы жоңышқа шөбімен жеген. Бағасы қымбаттаған соң, кәсіпкерлер жоңышқаны беруді тоқтатыпты. Сондықтан бағаның түсуін күтіп жүр.
Биыл Маңғыстау майлы қиян болмай тұр. Өңірдің ойы да, қыры да тулақтай сіресіп, қу тақырланған. Салдарынан мамыр бастала бері малдар көтерем күйге түсіп, қырыла бастады. Осы жағдайға байланысты жедел штаб құрылып, Ақтөбемен келіссөз жасалды. Ақтөбелік кәсіпкерлер Маңғыстау өңіріне 100 мың гектар жерді шөп шабуға тегін берді. Жергілікті қазынадан 200 млн теңге бөлінді.
Серік Қалдығұл, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда 54 млн-ға 620 тонна арпа жолға шықты. Бұйырса 15 маусымда келеді. Бағасы келуімен 85-87 теңге аралығында болады. Әзірге 10 вагон. Мұнымен қоса, 150 млн теңгеге Ақтөбеден шөп тасуға келісімшарт бар. 20 келілік 1 тюк шөп 1100-ден аспайды.
Қызылорда облысы да өзге өңірлерден жем-шөп әкеліп, 10% арзан сатқан. Сыр өңірі әкімдігі мал азығы қорын 300 тоннаға арттыруды көздеп отыр.
Арыстанбек Омаров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Облыс тарапынан Астанада азық-түлік корпорациясы бар. Солармен арпа-жем сатып алуға келісімге отырады. 600 тоннадай жем аламызба деп отырмыз.
Осылайша, Маңғыстау мен Қызылорда өңіріндегі жағдай биліктің араласуымен тұрақталып келеді. Алдағы уақытта маңғыстаулық шаруаларға субсидия бөлу қарастырылуда. Мал азығын тасудағы транспорт шығыны мен сатып алу құны өтелмек.
Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев