ШҚО ауылдары бау-бақшаға су таппай тарығып отыр
Осы көктемде Күршім өзеніндегі «Мойнақ» бөгеті жырылған. Ал жазықтағы бау-бақша мен егістік және мал-жан да сол бөгеттен бөлініп келетін сумен қоректенеді. Бірақ қазір каналдардағы судың деңгейі өте төмен. Тіпті егістіктің көбі қурап жатыр.
Күршім өзеніндегі бөгет жарылған соң, көмейдегі судың деңгейі де төмен. Өзен негізгі арнасына түсіп арындап жатыр. Шлюзді көктемде топырақ пен ағаш басып қалған. Ал «Мойнақ» бөгеті 2017 жылдан бастап «Қазсушар» мекемесінің иелігінде. Шаруалар бөгеттің жырылуын осы мекеме басшыларының салғырттығынан көріп отыр.
Ержан Қойлыбаев, шаруашылық жетекшісі:
- Су бөгетінің жырылуына «Қазсушар» кінәлі. Қазір олар ешқандай шара қолданған жоқ. Жөндеу техникалық жұмыстарын жүргізген жоқ. Мұның алдында да 2-3 жыл бұрын айталған. Бірақ бұған ешқандай шара қолданылмады.
Шара қолдану үшін қазір осы бөгеттен су алатын диқандар мен шаруалар шырылдап жүр.
Олжас Керейхан, тілші:
- Жауағашты каналы бастауын Мойнақ бөгетінен алады. Алайда осы көктемде су тасқынында бөгет жарылып кеткендіктен, қазір каналдағы су жыбырлап қана ағып жатыр. Судың деңгейі төмен түскені соншалық, қазір төмендегі бірнеше мың гектар егін алқабының да аңқасы кеуіп жатыр.
Мейрамбек Әсенов биыл 200 гектар жерге егін еккен. Күнбағыс салған 40 гектар жердің қазір шаңы шығып жатыр. Ал басқа алқаптағы жоңышқа мен көпжылдық шөп те қурай бастаған.
Мейрамбек Әсенов, шаруашылық жетекшісі:
- Міне, су болған жағдайда мына күнбағыс мөлшері 50 сантиметр шығып қоюы керек еді. Қырда салынғанына рекультивация жасап тастадық. Бұл су жоқтықтан әлі тұр. Биыл бұдан үміт жоқ.
Оралтай Ниетбаев соңғы бірнеше жылдан бері қызанақ өсіруде. Былтыр 120 тонна өнім алыпты. Биыл да 5,5 гектар жерге қызанақ отырғызған. Алайда су тапшылығынан көшеттер сола бастапты.
Оралтай Ниетбаев, шаруашылық жетекшісі:
- Арықта торғай ішетін су жоқ. Бір апта бұрын суардық, одан соң су келмеді. Күнде таңертең көмейде жүреміз. Енді 3-4 күнде бау-бақшамыз күнге күйіп кете ме деп ойлаймын
Шаруалар «Қазсушар» мекемесінен суды сатып алады. Кейбір дихандар биыл қаржысын төлеп қойса да суға қолы жетпей жүр. Биылдан бастап судың тарифін де көтеріп жіберген.
Ержан Қойлыбаев, шаруашылық жетекшісі:
- Былтыр гектарына 900 теңгенің көлемінде болған. Биыл 2355 теңгеге көтеріп отыр. Тарифті жылда негізсіз көтереді.
«Мойнақ» бөгеті мен сол жердегі шлюз 2004 жылы толық жөндеуден өткен. Оған жауапты «Қазсушар» мекемесінде пәрмен болғанымен, техникалық дәрмен жоқ. Жарылған бөгеттің қашан қалпына келетінін және қанша қаражат керек екенін мекеме мамандары да білмейді.
Дидар Сәкетаев, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы Күршім өндірістік учаскесінің басшысы:
- Жарылған бөгет қаражат болса жасалады. Ол үшін бәрін тексеріп, зерттеу қажет. Қанша керек екенін мен білмеймін.
Судың каналға кететін сағасы мен өзеннің табанын тереңдету үшін Күршім ауданының әкімдігі бір экскаватор жіберген. Шаруалардың бәрі қазір сол ауыр техниканың бұзылмауын тілеп, өзен жағалап жүр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов