Көпбалалы аналарға салынған үйлердің сапасы сын көтермейді
«Құрылыс жұмыстарының кейбірі шала жүргізілген», - дейді олар. Осыдан үш ай бұрын қоныстанған 5 отбасы қазір баспаналарын өз күштерімен жөндеп, кем-кетігін түзеп алған.
Гүлзада Сұлтанәлиева 5 баласымен бірнеше жыл бойы пәтер жалдап келген. Әйтеуір биыл кезегі келіп, үш бөлмелі жаңа баспанаға ие болады. «Алайда құрылыс сапасын көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды», - дейді көпбалалы ана. Айтуынша, үйге еден салынбаған. Қабырғалары сыз тартып, көгерген.
Гүлзада Сұлтанәлиева, Шашубай кентінің тұрғыны:
- Бәрін өтірік жасап кеткен. Балалар еденде жатпайды ғой. Содан біз шағымданып едік, мердігерлер 3 бөлмеге жететін УСБ әкеліп берді. Ол үш комнатаға ғана жетті, қалғанын тағы сатып алдық. Оған қосымша қара қағазы бар, цемент сатып алдық. Соның бәрін жасағанда тағы 150 мың шығын шығып тұр. Ол қаржыға есік алдынан уақытша баспана салып алатын шамамыз бар еді ғой.
Көпбалалы аналардың алды 4 ай бұрын, ал кейінгілері мамырда қоныстанған. Содан бері 6 отбасы да жаңа үйдің кем-кетігін өз күштерімен жөндеп алыпты. Олардың ендігі талабы – жұмсаған ақшаларын қайтарып алу.
Марал Ахметова, Шашубай кентінің тұрғыны:
- Бұл үйге кеткен шығынның, қалтамыздан шыққан ақшаның бәрін есептеп, 6 үй жазып қойдық. Соны әкімге апарып тастайық дегенбіз, әкім орнында болмай шықты.
Жергілікті әкімдік өкілдері құрылыс барысында кемшіліктің кеткенін мойындап отыр. Дегенмен үйдің үш жылдық кепілдік мерзімі бар екен. Сол бойынша мердігер жөндеп бермек. Сондай-ақ тұрғындардың шығындары да компания есебінен өндіріледі.
Абылай Базылұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
- УСБ болған жоқ деп айтып жатыр. Олардың бәрін біз орнына келтіріп береміз. Кейбір тұрғындардың тарапынан кеткен шығындарды мердігердің тарапынан орнына келтіріп береміз. Кейбір үйлерде от жағатын бөлмелерінен, пештерінен кемшіліктер табылды. Олар сатушыға ескертілді. 1 шілдеге дейін ол кемшіліктердің орнын толтырады.
Айта кету керек, бұл жалдамалы 6 үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Оның әрқайсына қазынадан 7 миллион 400 мың теңге жұмсалыпты.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев