БҚО Сырым ауданындағы бөгеттерде су деңгейі төмендеп кетті
Мәселен, мал азығын дайындауда көш ілгері болып жүрген Сырым ауданында да шаруалар тіршілік нәрінен тарыға бастады.
Сырым ауданында соңғы жылдары су тапшылығы едәуір байқалады. Гидронысандардың көбі таяз, ал енді бірі тіптен құрғап кетті. Шаруалар малын өзендерден суарып отыр. Алайда олардың да арнасы төмендеп барады.
Қайыржан Таженов, Бұлан ауылының тұрғыны:
- Бала кезден осы ауылда тұрамын. Бәрін көрдік, бұрын бөгеттер болды, 2-3 бөгет. Ол кезде енді су да мол болды. Қазір су тоқтады ғой.
Қайырбек Мырзағалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Осыдан үш жыл бұрын бөгет жақсы толды. Үш жылдан кейін қатты төмендеп кетті. Биыл жақсы су келіп еді, бір айдан кейін судың бәрі кетіп қалды. Оның негізгі проблемасы Шалқар көлінің тартылуы деп ойлаймыз.
Бес жыл бұрын Шолақаңқаты өзенінің бойына ағысты бөгейтін қақпа орнатылды. Нәтижесінде, 6 млн текше метрге дейін су ұстап қалу мүмкіндігі туды. Тоғанас пен Аңқаты ауылындағы шаруалар мен 15 шақты агроқұрылым дәл осы гидронысанды пайдаланып отыр.
Ерлан Жүралиев, Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі:
- Мемлекеттің қолдауымен бюджет қаражаты бөлініп, қайта қалпына келтірілді. 103 млн теңге қаражат бөлінді. Ауыл тұрғындары осы суды пайдаланады. Малдарын суарады, кейбіреулері аулаларына, бақшаларына тартып отыр.
Ал өзге бөгеттер мен көлтабандардан айтарлықтай қайыр болмай тұр. Аудандағы лимандардың жалпы көлемі 30 мың гектар. Әйткенмен кәдеге жарап тұрғаны саусақпен санарлық.
Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының әкімі:
- Ауданда, әрине, бөгет көп. Ол бөгеттердің көбі бүгінгі таңда жарамсыз қалпында. Енді болашақта ол бөгеттердің бәрін қалпына келтіру жоспарымызда бар. Ол кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Су жылдан-жылға азайып бара жатыр. Бұл да үлкен мәселе болып тұр.
Ауданда жайылымдарды суландыруға және құдық қазып, күн батареяларын орнату бағытында күні бүгінге дейін 150-ден астам шаруаға қаржылай қолдау көрсетілген. Дегенмен гидронысандар түгілі, өзен суының азайып кетуі фермерлерді қатты алаңдатып отыр. «Экологиялық мәселе шешімін таппаса, алдағы онжылдықтың өзін елестету қорқынышты», - дейді олар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов