Елордада 680 орындық Студенттер үйі пайдалануға берілді
Ғимараттың әр қабатында асхана, жуынатын және дәріс оқитын бөлмелері бар. Жатақхананың құрылысы Қазақ технология және бизнес университетінің қаржысына салынған. Бұл – аталған оқу ордасының екінші жатақханасы. Гүлбаян Қазымқызы бакалавр бөлімін тәмамдаған. Енді магистратураға тапсыруды жоспарлап жүр. Алдағы уақытта жаңа Студенттер үйінің тұрғыны атанбақ. Айтуынша, жылы әрі жаңа нысан өзі секілді тәлімгерлерге үлкен көмек.
Гүлбаян Қазымбек, студент:
- Мен осы жаңа жатақханаға кіргеніме өте қуаныштымын. Бүгін кіріп, көріп тұрмын. Енді өздеріңіз көріп тұрғандай, барлығы жап-жаңа. Жаңа орын-төсек, жаңа парта, жаңа үстел барлығы жаңа.
«Жаңа» деп отырған жатақхананың құрылысына 1 млрд 300 млн теңге қаражат жұмсалған. Университет ректорының айтуынша, бағытталған ақша даму қоры арқылы 8 жылда білім ошағының қазынасына қайтарылады. Айтпақшы, жыл соңына таман жас ғалымдар мен докторанттар және отбасылы студенттерге арнап тағы бір жатақхананың жобасы әзірленеді.
Мұхтар Байжұманов, Қазақ технология және бизнес университетінің ректоры:
- Осы жылдың аяғына қарай жобасын әзірлейміз. Қазір онымен қатар университеттің аумағынан, мына жатақхананың артқы жағынан өлшемі 40*80 қылып, жабық спорт кешенін салып жатырмыз. Оны биыл қыркүйекте береміз деп жоспарлап отырмыз.
Бүгінде еліміздің үш ірі қаласында жатақхана тапшылығы байқалады. Көш басында Алматы тұр. Мұнда 30 мың орын жетіспейді. Одан кейін елорда. Бас шаһарда 20 мың орын тапшы. Үштікті Шымкент түйіндеп тұр. Оңтүстіктегі оқу орындары 15 мың студентті жатақханамен қамтамасыз ете алмай отыр.
Асқар Ыбрайымов, ҚР БҒМ «Қаржы орталығы АҚ» президенті:
- Бізде студенттердің басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында білім алады. Сәйкесінше, осы өңірлерде орын тапшылығы басқа аймақтарға қарағанда айтарлықтай көбірек сезіледі. Біздің ойымызша, Шымкент қаласы жатақхана тапшылығы мәселесін 2023-ші жылға қарай толық шешетін секілді.
Әсілі, студенттерді 2023-ші жылға дейін 75 мың орын жатақханамен қамтамасыз етуді Елбасы тапсырған еді. Бұл бес әлеуеметтік бастамада тайға таңба басқандай көрсетілген. Бүгінгі студенттердің қоныс тойы, сол батыл бастаманың бір парасы ғана.