Қуаңшылық жайлаған Қызылорда облысына 184 мың тонна шөп қажет
«Бірінші кезекте алдағы қысқа қажетті мал азығын арзан бағада жеткізу шаралары қолға алынса», – дейді олар. Жайылымдар мен шабындықтарды суғару жайы да әлі өзекті күйінде.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бұл – Жаңақұрылыс ауылының маңындағы шабындық жер. «Сырдария толып, осы маңға су жайылған кезде адамның бойындай ну қамыс қаулап өсетін еді»,-дейді тұрғындар. Алайда биыл тіршілік нәрі тамбағаннан қу тақырға айналған. «Мұндай қуаңшылық соңғы 50-60 жылдың бедерінде болған емес», – дейді ауылдықтар.
Арал ауданында осындай 15 елді мекенде көк шықпай қалған. Азық іздеген төрт түлік өткен жылғы шөптің тұқылын ғана жеп жүр. Қуаңшылықтың себебі белгілі. Қыста қар, көктемде жаңбыр жаумады, Сырдарияда су жоқ. Шаруа қожалық төрағасы Елнұр Елшекеев 260 бас малы шығын болғанын айтып отыр.
Елнұр Елшекеев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Ветеринарияның өзінің заңы бар. 4 сағатқа дейін лабораторияға жіберу керек. Енді 48 басты 4 сағаттың ішінде үлгердік, қалғаны 1-2 күн өтіп кеткен. Сондықтан қалған мал тіркелінбей қалды. Өлген малдың шығынын 70% болсын үкімет төлеп берсе дейміз.
Жаңақұрылыс ауылында бүгінде 8 мың бастай төрт түлік бар екен. «Алдағы қыстан шығу үшін бұл елді мекенге 4 мың тонна шөп қажет», – дейді ауыл әкімі.
Биғали Әбдірайымов, Жаңақұрылыс ауылының әкімі:
- Пішен шөптен біз әлі алған жоқпыз. Жоңышқа пресінен ауылдан 9 адам өтініш берген. Бірақ олар жоңышқа пресінің бағасын қымбаттау көріп отыр.
Қазыбек Балымбетов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Ең болмаса жем-шөбіне көмектессе. Бізге жемнің бар жері Қостанай облысы болса, сол жақтағы бағамен жем алдырып берсе дейміз. Жол шығындарын өздері көтерсе, сол жақтың бағасымен біз ақшасына алар едік. Қыстан шығу бір бөлек, қысқа дейін жеткізу үшін малды кішкене жансозым болып, қоңдандыру керек ғой енді. Осы қалпымен қысқа түссе, ол мал қысқа түсе алмайды да ғой. Қысқа жетпей де қалады.
Айтулы мәселелер төтенше жағдай жарияланғаннан кейін шешімін таппақ. Бірінші кезекте жем-шөпті арзан бағада жеткізіп беру қолға алынады. Сондай-ақ қыста қорада тұратын 205 мың бас малға 184 мың тонна шөп қажет екендігі нақтыланған. «Бұл ретте көрші аудандардан шөп оруға арнайы бригадалар да жасақталып отыр», – дейді мамандар.
Еркін Әбішов, Арал ауданы әкімінің орынбасары:
- Жоңышқа шөбі Жалағаш, Сырдария ауданынан 1200 теңгеден келеді. Ал басында 600-700 теңгеден сатылады. Сондықтан біз ортада тасымалдайтын кәсіпкерлердің жол шығынын, жанар-жағармайын көтергіміз келіп отыр. Сол кезде бізге төмен бағада келеді. Сол жергілікті бағамен алғымыз келіп отыр.
Бұдан бөлек, Сырдария өзені бойындағы 8 су арнасын тазалау және 7 су тоспасын салу жоспарда бар. Шөп шықпай қалған елді мекендерден 15 су ұңғымасын қазу көзделіп отыр. Бұл шаралар биылғы қуаңшылық мәселелерін шешпегенмен, алдағы жылдары осындай қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов