Жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Жаз басталмай жатып, жайылымдар тақыр далаға айналды. Жұтаған малға жем-шөпті тауып бере алмаған шаруалар әбден састы.
Осыны пайдаланған кейбір алып-сатарлар шөптің бағасын шарықтатып жіберді. Ақыры аштан қырылған төрт түлікке араша бола алмаған еліміздің ауыл шаруашылығы министрі орнынан кетіп тынды. Бірақ жағдай әлі де мәз емес. Алайда қазір қолда бар малды аман алып қалу, шем-шөп дайындау мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
Оңтүстіктегі таулы аудандар болмаса, жазықтағылардың жайылымы әлдеқашан түгесілген. Ел бағасы қымбат болса да, суармалы алқаптағы жоңышқаға үміт артып отыр.
Шардара ауданы, Қоссейіт ауылының тұрғыны Исабай Оңалбаев 9 гектар суармалы алқапқа жоңышқа еккен. «Алғашқы орымда мың жарым түк жоңышқа алдық», - дейді. Енді екінші орымды шауып жатыр. Жауын-шашын мен судың аздығына қарамай шөптің шыққанына риза. Ең бастысы, қолдағы төрт түлікке жететінін айтады.
Исабай Оңалбаев, шаруа:
- Биыл былтырғыға қарағанда өнім сәл аздау болып тұр. Қуаңшылыққа байланысты су тапшылығына қарамастан егінімізді бір суғардық әйтеуір. Болады енді. Өзіміздің малымыз бар, жем-шөпті соған жинап жатырмыз. Қысқа жетеді.
Жалпы Қоссейіт ауылында жайылымды қоспағанда 2200 гектар суармалы жер бар. Оның барлығына жоңышқа егілген. Ауыл тұрғындарының көңіліне үміт ұялатып отырғаны да осы. Әркім қажетінше, мал басына қарай сатып алуда. Оның үстіне мамандар суармалы жер қуаңшылыққа қарамастан өнім беретінін айтады. «Шөптің бағасын ортадағы алып-сатарлар құбылтып отыр. Әйтпесе өз шөбіміз өзімізге жетеді», - дейді ауыл әкімі.
Еркінбек Айдынбаев, Қоссейіт ауылының әкімі:
- Тіке өзі камазбен келіп алып кетіп жатқан шаруалар да бар. Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал аудандарынан өз көліктерімен келіп, тікелей шаруа қожалықтарымен бірге өздері келісіп алып кетіп жатыр. Жамбыл облысынан да, Қызылорда облысына да осындай шөптер барып жатыр. Баға 800-1000 теңгенің арасында. Ол енді сапасына, салмағына қарай реттеледі.
Жалпы Шардара ауданында 56 мыңнан астам іріқара, 260 мыңға жуық ұсақ мал және 15 мың жылқы бар. Биыл төрт түлікті қажет жем-шөппен қамту үшін 60 мың гектар алқапқа әртүрлі дақыл егілген. Оның тең жартысы – мал азықтық дақылдар. Бұдан бөлек 22 мың гектар суармалы жоңышқа алқабы бар. Оның 5 мыңы биыл егілген. Сондықтан Шардаралықтар биыл шөптен таршылық көрмейтіндерін айтады.
Қайрат Жолдыбай, Шардара ауданының әкімі:
- Жалпы Шардара ауданының мал басына қажет 1 жылдық азық-түлігі 176 мың тоннаны құрайтын болса, егістік жерлерден 200-300 мың тоннаға дейін өнім аламыз деп жоспарлануда. Аудан шаруалары қазірдің өзінде ішкі қажеттілігінің 80-90% қамтып отыр.
Бұдан бөлек биыл арпа, бидай, дәндік жүгеріден 20 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ауданға қажеттісі 26 мың тонна. Қалған 6 мың тонна жемді шаруалар көрші Қазығұрт ауданынан алу бойынша келісімге келген. Жалпы Түркістан облысы ауыл шаруашылығына бейім болғанымен биылғы қуаңшылық бірқатар ауданды әбігерге салды. Қолайсыз ауа райымен аптап ыстық жайылымдардағы шөпті қуратып жіберді. Кей аудандар мал азығының мөлшерін 90% дейін жинап алғанымен, енді бірі 20% ғана жинап үлгерген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы