Қызылордалық ғалымдар Еуроодақтың 100 мың еуродан асатын грантын ұтып алды
Енді бұл тұрғыдағы зерттеулерге Сыр өңірінің химиктері де қатысады. Олардың Еуроодақтың «Көкжиек – 2020» гранттық бағдарламасына ұсынған жобасы үздік деп танылды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Сыр өңірі жыл сайын 80-85 мың гектар жерге күріш егеді. Одан мыңдаған тонна сабан қалады. Ол далада жатып өртке оранады. Ал ғалымдар бұл сабаннан қағаз жасайтын циллюлозы мен болашақта көлік қаңқалары үшін пайдаланатын көмірпластик сияқты серпілгіш материалды жасаудағы маңызды шикізат екенін айтып отыр. Осылайша, біз қоқыс деп елей бермейтін көп нәрсені құнды дүниеге айналдыруға болады екен.
Бұл – 2009 жылы Елбасының тапсырмасымен елімізде ашылған 15 инженерлік бейіндегі озық технологиялы зертхананың бірі. Нұрбол Аппазовтың қара алтын қалдығын қайта өңдеудің тиімді әдісі осы жерде сынақтан өтіп, өндіріске енген.
Нұрбол Аппазов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры:
- Біздің технология бойынша Германияда қондырғы әзірленіп, өндірістік базада мұнай қалдықтарын өңдеу бойынша жұмыс атқаруда. Бізге дейінгі технологияларда алынған мұнайдың бағасы бірнеше есе жоғары болған. Сол себепті біз экономикалық, экологиялық тұрғыдан да тиімді жолын ойлап тауып, соны өндіріске енгізудеміз.
Бұл – әзірге өңір тарихында өндіріске енген жалғыз ғылыми жаңалық. Дегенмен жетістіктер мұнымен түгесілмейді. Әлемде әлі де емі табылмаған Альцгеймер және Паркинсон ауруларын емдейтін препоратты жасау жолындағы зерттеулерге де Сыр елінің мамандары үлес қоспақ. Олар Еуроодақтың 100 мың еуродан асатын қомақты грантын ұтып алған. Күрішті өлкенің ғалымдары тәуелсіздік жылдарында басты дақылдың сегіз түрлі жаңа сұрпын ойлап тауыпты. Бүгінде соның екеуі – «Әйгерім» мен «Сыр сұлуы» жаппай өндіріске енді.
Құрманбек Бәкірұлы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
- Дүниежүзілік тәуір сорттардан кем емес. Технологиялық қасиеттері жоғары. Дәндері ірі. Ерте пісетін күріштердің ішінде жақсы өнім беретіні деп есептейміз.
Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр елінің ғалымдары қол жеткізген ірі жетістіктердің бір парасы.
Соңғы 3 жылда халықаралық журналдарда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының 226 мақаласы жарияланып, 60 патент алынған. Демек, осынша өнертабыс халықаралық деңгейде мойындалды деген сөз. Алдағы 5 жылда 13 жобаны коммерцияландыру жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов