Жайық пен Каспий құс атаулының киелі қонысына айнала ма?
Қыркүйек пен қарашада арал мен түбектерге жыл құстары тобымен жиналады. Биылғы құстар миграциясы маусымында мамандар «Ақжайық» табиғи резерваты маңына 10 миллионға жуық құс келеді деп топшылап отыр. Оның ішінде аса сирек кездесетін қызыл тырна, қарабай, бұйра бірқазан мен қоқиқаз секілді қанаттылардың 26 түрін табуға болады.
Бүгінде қорыққа қарасты су қоймалары жыл құстарымен толығып келеді. Себебі Каспий теңізі жылы жаққа қайтатын құстар миграциясының бойында орналасқан. Осы арадан топтасқан қанаттылар шеруі алыс аймақтарға жол тартады. «Ақжайық» мемлекеттік қорық аймағында осындай қанаттылардың 292 түрін кездестіруге болады», – дейді мамандар.
Илья Бофонов, қорық орнитологі:
- Миграция кезінде мұнда 10 млн-ға жуық балшықшы, 5 млн-ға жуық қаз-үйрек пен басқа да құстар тоқтайды. Оның ішінде табиғатта аса сирек кездесетіндері де бар. Біз оларды бақылап, мониторинг жасаймыз. Қыстап қалатын түрлеріне қыста қолдан азық ұйымдастырамыз.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Өзенде кездесетін аң-құстардың негізгі қорегі – ұсақ балықтар. Ал осы шағын өзектер қазір шабақтарға толып тұр. Күн салқындаған сайын олар жылы жағалауға үйір болады екен. Сондықтан құстар келеді. Айтқандай, қараша айында бұл өзектерлен қоқиқазды да кездестіруге болады.
Жағалауды бойлай біткен қалың қамыс пен тоғайлы алқап аңдарға да бай. Каспий маңайын негізінен қабандар, қасқырдың 2 түрі мен ит тұқымдас жаннаттар мекендейді. Біз аралап көрген алқаптан бүгін түз тағылары ұшыраспады. Бірақ кәдімгі мамандар іздерінен олардың жатақтары мен жортқан жолдарын бағамдады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бұл тұрған жеріміз «Пешной» аралы деп аталады. Бұл аралдан мамандар қабанның іздерін көптеп көрсетті. Айтқандай, қабандар осы жерде өсетін қамыстың түбін қазып жейді. Оны «борық» деп атайды. Оны түз тағысы аңдып, қасқырлар да жиі кездесетін көрінеді.
Балымгүл Ізмұқанова, қорық маманы:
- Біздің мақсатымыз – туризмді дамыта отырып, көзі жойылып бара жатқан аң-құстарды сақтап қалу, көбейту. Мысалы, қарабай құсы қазіргі таңда сирек кездеседі. Жаннат тәрізді иттерді де тек зерттеу барысында ғылыми қызметкерлер ғана ұшырастырады.
Табиғаты қатал мұнайлы өңірдің өсімдіктер дүниесінің де өзіндік ерекшелігі бар. Жағаға қайық жықсаңыз, аң-құстардан өзге мұнайлы аймақтың өсімдіктер әлемімен де таныса аласыз. «Олардың ішінде бұйрығын, атқұлақ, киікотынан бастап 227 түрлі өсімдік бар», – дейді мамандар.
Лаура Балғымбаева, қорық ботанигі:
- Олардың 3 түрі «қызыл кітапқа» енгізілген. Яғни «шрен қызғалдағы», «жүзгіш сардиния» және «Қазақстан шылымы». Жалпы біздің негізгі мақсатымыз – осы өсімдіктер дүниесін қорғау оны жойылып бара жатқан түрлеріне ай сайын мониторинг жүргізу. Бұл мониторинг жүргізу өсімдіктердің жеміс беру кезінде басталады.
Осынау қаймағы бұзылмаған тұмса табиғат пен құс базарын жақыннан тамашалауға мүмкіндік туды. Резерват биылдан бастап аралдарға арнайы туристік маршрут ашуды көздеп отыр. Ол екі бағыттан тұрады. Мектеп оқушылары мен жас натуралистер құрлықтағы табиғатты тамашаласа, ересек туристер су арналарын бойлай жүзіп, жыл бойы базары тарқамайтын «Шағалалы» аралына дейін бара алады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев