Сот орындаушыларының қауіпсіздігін жекеменшік күзет қамтамасыз етуі мүмкін
Алматыдағы Ақбұлақ ықшам ауданындағы қайғылы оқиғадан кейін Жеке сот орындаушылар палатасы осындай ұсыныс жасап отыр. «Мұндағы мақсат – келеңсіз жағдайдың қайталануына жол бермеу», - дейді мамандар. Сондай-ақ: «Сот орындаушылары борышкердің үйінде қарудың бар-жоғын полиция қызметкерлері алдын ала анықтап берсе», - дейді.
Бұл ұсыныстар бір айдың ішінде арнайы жұмыс тобымен қаралып, зерттеледі. Ал Ақбұлақтағы үйдің жаңа иесі қаза болғандықтан іс уақытша тоқтатылған. Мұрагерлікке беру жұмыстары аяқталған соң сот шешімін орындау қайта жалғасады.
Дәурен Аймақов, Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы басшысының орынбасары:
- Сот орындаушылары қарулы күзет фирмаларының көмегіне жүгіне алады. Бірақ осы шығындардың барлығы борышкердің мойнына ілінеді. Неге десеңіз, ол адамға өз еркімен сот актін орындауға уақыт та, мүмкіншілік те беріледі. Десе де кейде азаматтарымыз заңға бағынбай жатады.