Қазақстанда 1 қарашадан бастап отандық аяқ киім өндірісі таңбалауды енгізе бастайды
Ал әзірге сөрелерде Ресей мен Беларустың таңбаланған сүт өнімдері пайда болды. Тауарларды маркалау өнімнің өндірушіден саудагерге, саудагерден тұтынушыға жетуін қадағалап, өнім сапасын бақылауды жақсартып және көлеңкелі бизнеске тұсау салуға мүмкіндік береді. Өнімді таңбалау елімізде де қолға алынатын болады.
Сапалы тағам – ұлт саулығының кепілі. Бүгінде сөрелерде отандық өнімдермен қатар импорттық тауарлардан көз тұнады. Әсіресе алыс-жақын шетелден жеткізілетін сүт өнімдерін мұқият тексеруге тура келеді. Тұтынушылар көбіне-көп қаптамадан шыққан күні мен құрамын қараумен шектеледі.
Гүлхан Мұқанова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Жарамдылығын, құрамын қараймын. Мынау Ресейдікі екен, маркировкасы бар. Қазақстандық өнімдерде осындай маркировканың болғанын қалаймын.
Данагүл Қарбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мынандай маркировкалардан хабардарсыз ба? – Жоқ білмейді екенмін, бұл – штрих-код.
Бірегей кодтың нені білдіретінін барлығы біле бермейді. Онда өнім жайлы толық ақпарат жазылған. Қазақстандық сауда сөрелеріне сүт өнімдері шетелден енді тек таңбаланып жеткізілуі тиіс. Мәселен, Ресейдің импортын арнайы қосымша арқылы тексеруге болады.
Нұржан Баекеев, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры:
- Міне, қосымша арқылы мына балмұздақтың 10 айдай уақыт жарамды екенін көрдік. Қажет болса, сертификатын да табуға болады. Қазір Қазақстан сүт өнімдерін цифрлық таңбалаудың пилоттық жобасын іске асыруда. Егер сүт өнімдеріне таңбалау енгізілсе, отандық «Нақты өнім» қосымшасы арқылы солардың сапасы туралы мәлімет алуға болады.
Қазақстан өз өнімдерін таңбалау бойынша қазір серпінді жобаларды қолға алды. Әзірге «Нақты өнім» қосымшасы арқылы темекіні тексеруге болады. 1 қарашада аяқ киімдерді міндетті цифрлық маркалау басталады. Келешекте импорттық тауарлар туралы ақпаратты да ұлттық қосымша арқылы табуға болады.
Авторлары: Индира Жылкайдарова Болотбек Табалдиев