ШҚО шаруалары субсидияларын қайтаруға мәжбүр
Олар 2018 жылы Ресейден асылтұқымды ақбас сиыр сатып алған. Малды әкелген кезде заңда көрсетілген барлық салық түрін төлеп, карантиндік ережені де орындаған. Субсидия да соған сәйкес берілген. Алайда арада екі жыл өткен соң, сол демеу қаржыны қайтару туралы хат келген. Қазір кейбір шаруалардың есепшоттары бұғатталып, тығырыққа тіреліп отыр. Қаражат шетелден сатып алған әр сиырдың бағасына көмек ретінде бөлінген. «Яғни белгілі мерзімде қайтарылатын субсидия түрі екені келісімшартта нақты жазылған», - дейді қор қызметкерлері.
Айдос Нәбиев, шаруашылық жетекшісі:
- Міне, 8 млн несие төлеуім керек. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына 16 млн беруім керек. 1,5 млн теңгені сот орындаушысына беруім керек. Ондай миллионер болсам, сіздерден қарыз алып нем бар?! Несие алып нем бар?! Қазір сот орындаушы менің бүкіл банк шотымды бұғаттап тастады. Шешемнің зейнетақысын да ала алмай отырмыз.
Ержан Тұрысбеков, қор директорының орынбасары:
- Субсидияның осы түрін алып қайтармаған шаруаларға қатысты соттың шешімі бар. Мерзімі де өтіп өткен. Бірақ біз оған қарамастан, екіжақты келісім жасап, бір мәмілеге келудің жолдарын қарастырып жатырмыз.