Елордадағы Ана мен бала орталығына қан қажет
Мамандардың айтуынша, әзірге қорда қан жеткілікті. Бірақ осыдан бір жыл бұрын локдаун жарияланған шақта тапшылық қатты сезілген.
«Қазірдің өзінде қан қорын үнемі толықтырып отырудың маңызы зор. Себебі жүрек-қан тамырлары ауруы мен онкологиялық дертке шалдыққан науқас көбейді», - дейді дәрігерлер.
Аида Ілияс, волонтер:
- Қазір көп адам донорлық қанға мұқтаж. Сондықтан біз волонтер-медик ретінде оларға көмек қолымызды барынша созуға біз міндеттіміз.
Абзал Қазбек, волонтер:
- Ең алғашқы қан тапсыруға 18 жасқа толған туған күнімде келдім. Сол кезде рұқсат берілді. Осы 5 жыл ішінде 20-дан көп рет қан тапсырдым.
Абзал сынды қан тапсыруға ниет білдірген әрбір азамат трансфузиология орталығына барады. Мұнда мамандар келушінің қан тобын, резус факторын, гемоглобинін, жұқпалы аурулардың бар-жоғын мұқият тексереді. Егер барлығы ойдағыдай болса, қан тапсыруға рұқсат береді.
Дана Әлиева, тілші:
- Иә, донор болудың да өз тәртіп-талабы бар. Жауапкершілігі аса жоғары іс. «Қан тапсырардан бір тәулік бұрын майлы, қуырылған, ащы тағамдарды жеуге болмайды», - дейді мамандар. Сондай-ақ донацияға жіберілмес бұрын 2 сағат алдында темекіден, ал 2 тәулік бұрын алкогольдік ішімдіктерден бас тартқан жөн. Құрамында аспирин немесе анальгетик компоненттері бар дәрі-дәрмектерді 3 тәулік бұрын тыйған жөн. Бұл сіздің бір тамшы қаныңызға мұқтаж болып жатқан жанның сауығуы үшін маңызды.
Зәуреш Әлкенова, дәрігер-трансфузиолог:
- Алынған әрбір 450 мл қанды үш бөлікке бөлеміз. Сосын қаннан сарысуды айырып аламыз. Одан біз эритроцит жүзіндісін бөлеміз. Сонда бір адамның қаны үш науқасқа құйылуы мүмкін.
Қан арнайы қорда сақталады. Өйткені оның әр тамшысы адамды ажалдан құтқарады. Үш бөлменің бірінде 3 жылға дейін қуатын жоймайтын плазма, екіншісінде сақтау мерзімі 42 күннен аспайтын эритроцит бар.
Дана Әлиева, тілші:
- Бөлмеде тромбоциттер сақталады. Олардың жарамдылық мерзімі 7 күнге дейін. Осындай арнайы медициналық камераларда 20-22 градуста сақталады. Олар өз қасиеттерін жоғалтпас үшін әрі науқасқа барынша тиімді болу үшін осылай үнемі араласып отыру керек. Мамандардың айтуынша, қазір қорда 100-ге жуық тромбоцит дозасы бар. Алайда пандемия уақытында қор саны 2 есе қысқарған.
Бұған жоспарлы операция жасаудың азаюы себеп болған. Десе де жол-көлік оқиғасы, басқа да кезек күттірмейтін күрделі операциялар болып тұрады. «Түрлі медициналық мекемелерден тапсырыс көп», - дейді мамандар.
Мәселен, биыл тек елорданың өзінде трансфузиология орталығы медициналық мекемелерге 72 мың 857 доза қан компонентін берген. Қан әсіресе ана мен бала орталығына ауадай қажет көрінеді. Жыл басынан бері бұл орталыққа 11 мың 774 доза жеткізілген. Ал 8 мыңнан астам доза онкология орталығына жіберілген. Үшінші орында кардиохирургия орталығы тұр. Тоғыз айдың ішінде мұнда 6 мың доза қан компоненті жөнелтілген.
Осыдан алты жыл бұрын елордалық Данияр Абдулловтың денсаулығы сыр беріп, жүрегіне күрделі операция жасалған. «Сол кезде донор қан бермегенде, тірі қалуым екіталай еді», - дейді қала тұрғыны.
Данияр Абдулов, реципиент:
- «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» демекші, бұл жағдай басына келмей тұрып, көп адам қан тапсырудың маңызын аңғармайды. Өмір мен өлім арасында жатқан жанға қол ұшын созу ең игі іс деп білемін. Сондықтан донорларға алғысым шексіз.
Иә, донор сөзінің тарту ету, сыйлау деген мағына білдіретіні әмбеге аян. Сондықтан өз еркімен қан тапсырып, қалың жұртқа қамқор болуды ойлап жүрген донорлар қандай құрметке де лайық.
Авторлары: Дана Әлиева, Болатбек Табалдиев, Гүлнар Әмренова