Жайық ортайып барады
Мәселен, батыстағы Жайық ортайып барады. Қазір өзеннің суы тартылып, әр жерде бір шоқы арал пайда болған. Осы өзенмен өзегі толып отырған гидронысандар кеуіп қалды. Бұл ауыл шаруашылығын шатқаяқтатып отыр. Енді бірер жылда жергілікті жұрт ауыз судан да таршылық көруі мүмкін.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Мен дәл қазір Жайықтың қақ ортасында тұрмын. Бұрын өзеннің ортасына дейін жүзіп жетудің өзі мүмкін емес еді. Ал қазір, міне, жаяу келіп, серуендеуге де болады. Қасықтай ғана су қалған.
Үлкен қазан ортайса, кіші қазандардан қайран болмасы анық. Экологиялық апат салдарынан каналдар мен көлтабандар кеуіп кетті. Су болмаған соң, шөп шығымы да төмендеген. Тығырыққа тірелген шаруалар амалсыздан малдарын сатып жатыр.
Талғат Байкенов, шаруа қожалығының басшысы:
- Жаңақала, Ақжайық, Казталовка жақтарда осылай су мәселесі шешілмесе, шаруашылық тоқтайтын болар. Қазірдің өзінде біздер, Жаңақала ауданының шаруа қожалықтары, мал басын көбейтумен емес, азайтумен айналысып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, ирригациялық жүйелер қалыпты күйде болу үшін Жайықтың деңгейі кемінде 6 метрге жетуі керек. Биыл көктемде 3,5 метр болған. Гидронысандарға қайта жан бітіру үшін сорғы станцияларын іске қосу көзделген.
Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РМК БҚОФ Бас инженер-гидротехнигі:
- Биыл Киров-Шежін каналының 4-кезеңі деген жобаны іске асыруға кірістік. Келесі жылы іске қосылады. Мұның мақсаты – Жайықтан насос қондырғысымен жүйеге су беру. Төрт су қоймасының деңгейін көтеріп, суландыруға болар еді. Сол төрт су қоймасында бүгінгі таңда 22% су қалды.
«Алайда Жайықтың су деңгейі төмендей берсе, қондырғылардан пайда болмайды», - деп экологтар дабыл қағып жатыр. Олар алдымен өзенге «ерекше қорғалатын аумақ» мәртебесін беруді сұрап отыр.
Арман Бектенов, эколог:
- 80-жылдары өзендерді ерекше қорғау туралы заң қабылданды. Алайда тәуелсіздік жылдары құжат күшін жойды. Өзеннің мәртебесін заңды түрде қайтару керек. Шарасыз отыра берсек, алдағы 15 жылда Жайықтан біржола айырыламыз.
Ресей Федерациясындағы Ирикла су қоймасы мен Сакмар өзенінен келетін судың мөлшері мардымсыз. 1996 жылы Қазақстан мен көрші мемлекет арасында Жайықтың көлемін бақылауда ұстау жөнінде келісім жасалған еді.
Ғалидолла Азидуллин, «Жайық-Каспий» бассейндік су инспекциясының басшысы:
- Ресей тарапы өзінің міндеттемелерін орындап отыр. Ең аз дегенде 2800 млрд текше метр көлемінде су жіберу керек еді. Ал келіп жатқан судың көлемі одан көп екенін байқап отырмыз.
Марат Машекенов, БҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Өзеннің түбін қазғаннан ештеңе өзгермейді. Одан су көбеймейді. Судың көзі негізі жоғардан келеді, Ресейден. Бізде тек Жайықтың, көп болса, 10-15% ғана алатын су жиналады. Ол да жоқ қазір.
Жайық қашан қалпына келеді? Бұл сұраққа министрдің өзі жауап бере алмады.
Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Қазір нақты жауабын айта алмаймын. Бірақ бұл кеше ғана болған мәселе емес. Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Қазір Ресей тарапымен сол жайлы жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Айдың соңында мемлекетаралық кезекті ғылыми зерттеудің қорытындысы талқыланады. Ендігі үміт сол жиында ғана.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов