Қазақстандық ғалымдар терең жаралар мен қатты күйіктерді емдеуге арналған инновациялық құрал ойлап тапты
«Дәке таңғышпен салыстырғанда қолданысқа ыңғайлы әрі әлдеқайда тиімді», – дейді мамандар.
Х-Graft препараты сырт көзге жай ақ мата сынды көрінуі мүмкін. Шын мәнінде бұл – отандық медицинаның соңғы жетістіктерінің бірі. Мамандардың айтуынша, бұл таңғыш жараларды емдеуді бірнеше күнге тездетеді. Құралдың клиникалық сынағын осыдан екі жыл бұрын елордалық дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев бір топ ғалымдармен бірлесе бастаған болатын.
Бауыржан Әнапия, ҰҒОО Реконструктивті пластикалық хирургия секторының аға ординаторы:
- Егер ауруханаға жатқызу барысында біз стандартты таңғыштарды күн ара ауыстырсақ, осы таңғышты біз тек қана науқасты қабылдаған кезде жараға қоямыз да, одан кейін осы жараның ішінде ылғалды орта қалыптасып, жарақаттың жазылу үрдісі тез болады.
Дана Әлиева, тілші:
- Коллаген және эластин талшықтарынан жасалған бұл құрал дәке таңғышпен салыстырғанда жараның бетіне жабыспайды. Әрі емдік қасиеттері бойынша шетелдік нұсқалардан кем түспейді. Құрамында ірі қараның дәнекер тіні бар. Аллергиялық әсер қалдырмас үшін арнайы стерилизациядан өтеді.
Зерттеу екі медициналық ұйымда жүргізілді. Клиникалық сынаққа Қарағанды мен Алматыда жүзден астам науқас қатысқан. Қатысушылар қатарында Раиса Аккерманның да жұбайы болды. Ер адам қатты күйікпен ауруханаға түскен. Негізгі емдік шаралардан кейін оған жаңа биологиялық таңғышты қолдану ұсынылыпты. «Соның арқасында емдеу процесі бірнеше күнге жедел өтті», – дейді науқастың жары.
Раиса Аккерман, науқастың жұбайы:
- Жолдасым маған хабарласып, оған жаңа таңғышты ұсынып жатқанын айтты. Қайта таңудың қажеті жоқ екен. Бірден келістік. Ешқандай күмән болған жоқ. Өйткені ғылым бір орында тұрмайды ғой. Тітіркену сияқты кері әсерлер болмады. Керсінше күйеуім тезірек жазылды.
Зерттеу нәтижесінде ғалымдар бұл таңғыштың арқасында 95% науқас құлан таза айыққанын байқады. Сондай-ақ ауруханаға жатқызу да 3 күнге қысқарған. Ал қарапайым дәке таңғыштарды қолданғандардың арасында науқастардың тек 60% толық сауығыпты.
Ерлан Раманқұлов, ҚР БҒМ ҒК Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры:
- Шетелде баламалары бар. Бірақ олар бізге құрамы бойынша сәйкес келмейді. Әрі пандемия уақытында тасымалдаудың қаншалықты күрделі болатынын ұғындық. Отандық өнім болғандықтан, бағасы да қолжетімді. Салыстырмалы түрде 10 есе арзан.
Ғалымдар X-Graft-қа патент алды. Демек жақында бұл таңғыштар барлық науқасқа қолжетімді болмақ. «II және III деңгейлі күйікті емдеуден бөлек, стоматология мен пластикалық хирургияда да кәдеге асады», – дейді мамандар.
Авторлары: Дана Әлиева, Серік Қоңырбаев