00:15Әрі қарай: «Discovery: Сквозь червоточину с Морганом Фрименом»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Ақтөбе облысында әлеуметтік нысандар тапсырылды

  • Категория: Қоғам
Ақтөбе облысында әлеуметтік нысандар тапсырылды

Ақтөбе облысында 8 көпбалалы отбасы баспаналы болды.

Тұрғындарды әлеуметтік үймен қамтамасыз ету бағдарламасы облыс орталығын айтпағанда, шалғайдағы ауылдарда да қолға алынған. Мәселен, бұл жолы Әйтеке би ауданында қос пәтерлі үйлер салынып, мұқтаж жандарға үлестіріліп отыр. Бұдан бөлек елді мекендерді абаттандыру жұмыстары да жолға қойылған.

Өмірзақовтар отбасында көптен күткен мереке. Көпбалалы ерлі-зайыпты қоныстойын атап өтуде. 6 балалы жанұя бірнеше жыл қатарынан баспана кезегінде тұрған. Бұған дейін қызметтік үйді паналап келіпті. Әйтеке би ауданы орталығы Темірбек Жүргенов ауылынан мемлекеттік бағдарлама аясында салынған су жаңа үйге қол жеткізіп отыр.

Талғат Өмірзақов, Т. Жүргенов ауылы тұрғыны

- Бүгінгі осындай бір қуанышты сәтте үй бұйырып тұр. Балаларымның несібесі енді Құдайдың бергенІ. Бәріне де осындай, көпбалалы аналарға, аз қамтылған семьяларға, бәріне де бұйырсын осы.

Әйтеке би ауданында баспана кезегіне 326 отбасы тіркелген. Жыл соңында дейін 12-і қоныстойын атап өтуі тиіс. Келер жылы да бұл үрдіс жалғасын табады. Себебі жергілікті әкімдік тағы 15 үй құрылыс жоспарлап қойған. Ауылдың қарқынды дамуы коммуналдық және инженерлік желіге сұранысты арттыруда.

Дархан Ермағанбетов, Әйтеке би ауданының әкімі:

- Былтыр біз 6 селолық округке орталық ауызсу жүйесін жүргіздік. Көгілдір отынмен біздің ауданның 60 проценті қамтылып отыр. Келер жылы бұл жұмыс жалғасатын болады. Ал орталық су жүйесі елді мекендердің 92 процентінде бар.

Қазір ауданда абаттандыру жұмыстары қауырт қолға алынған. Мәселен, былтыр ауыл көшелерінің 16 шақырымына асфальт төселсе, биыл 14 шақырым жол жөнделген. Алдағы жылы барлық жерге жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Орталық саябақ жөнделсе, кітапхана қайта жаңғырылып, заманауи технологиялармен жабдықталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков