Елордада отандық үздік тауар өндірушілерді марапаттау шарасы өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей байланысқа шығып, жүлде алған кәсіпкерлерді арнайы құттықтады.
Қазір әлемде сапаға қатысты берілетін 70-тей сыйлық түрі бар. Олардың тарихы бір жарым ғасырға татиды. Ал Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» белгісі 2006 жылдан, «Парыз» 2008 жылдан бері тапсырылып келеді. 15 жыл ішінде 150-ден астам компания осы марапатқа ие болды. Биыл 600-ге жуық кәсіпорын үздік болуға ниет білдірген екен.
Қызылорда десе, Сырдың ақ күріші бірден ойға оралады. Тек аймақтың емес, тұтас Қазақстанның брендіне айналып отыр. Мұрат Сәрсенбаев басқаратын кәсіпорын сол бренд-күріштің бірнеше сортын өсіреді. Биыл әр гектардан 60 центнерден алды. Сырдың күріші қазір өңірлерге ғана емес, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей мен Өзбекстанға да экспортталады. Еңбегі еленген ұжым бүгін «Алтын сапа» белгісін жеңіп алды.
Мұрат Сәрсенбаев, «Алтын сапа» иегері:
- 1992-1993 жылдары көптеген бетбұрыстар, бизнестің қаншама түрі болды. Біз 1995-1996 жылдан бері күрішті алып саттық, ақырында зауыт ашып, ары қарай осы күрішті дамытып, күріш егеміз. 2019 жылы «Ұлы дала елін» алғанбыз. 2020 жылы «Іскерді» алдық. Бізге де ол – үлкен мотивация.
Қорабында «Алтын сапа» дейтін белгісі бар қазақстандық тауарлар бүгінде әлемдік нарықта жоғары бағаланады, үлкен сұранысқа ие. Ақмоланың Жақсы ауданында орналасқан жарма шығаратын зауыт өнімінің жартысынан көбін сыртқа жібереді. Шағын кәсіпкерліктен басталған бизнес бүгінде құрамына 15 компанияны біріктірген алып зауытқа айналды.
Батырбек Уәлиев, «Алтын сапа» иегері:
- Бүкіл шығарған өнімдерімізді қайтадан өңдеп, сыртқа жібереміз. 70% өнім шетелге кетеді.Үкіметтің көмегі үлкен. Қазақстанда осы марапаттан үлкен ештеңе жоқ.
Ал «Парыз» – кәсіпкерлердің ел алдындағы парызын саралайтын сыйлық. Тапқан қаржысын қалтасына баспай, көппен бөліскен атымтай жомарттарға беріледі. Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар қайырымдылық шарасына 20 миллиард теңге жұмсапты. Оған қоса, 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан. Бұл жүлде қордайлық кәсіпкердің қоржынында кетті. 20-дан аса жетім-жесірге үй салып берген, пандемия уақытында ауруханаларға жасанды тыныс алу аппаратын жеткізген Сәрсебек Сұлтанәліұлы «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын иеленді.
Сәрсебек Сұлтанәліұлы, «Парыз» сыйлығының иегері:
- Сыйлық алған соң, бізге үлкен жұмыс бекітіліп отыр. Елімізге барған соң, бұдан да жақсы жұмыс істеуге тырысамыз.Өзіміздің жақсы ойларымыз бар еді. Қордайда, Жамбыл облысында агротуризмге нысан салуымыз керек болатын. Соны бастап, халқымызға жұмыс істейтін бір жақсы шаруа қожалығын саламыз деп ойлаймын.
Шынар Асанқызы, тілші:
- «Алтын сапа», «Парыз» екінің біріне бұйыра беретін сыйлық емес. Оны өндірген тауары халықтың көңілінен шыққан кәсіпорындар ғана алады. Бүгін оларға Алтын сапаның мынандай арнайы сыйлығы тапсырылды. Мүсінше өзіміздің Өскемендегі Қазақстан Теңге сарайында жасалған. Алтын жалатылған, тұғыры асыл тас яшмадан құйылған. Бір айта кетерлігі, мүсіншеге қолданылған шикізаттың бәрі өзіміздің отандық өнім.
Осындай отандық өнім өндіретін кәсіпорындар қазір экономиканың басты қозғаушы күші саналады. Оның дамуына мемлекет те барынша жағдай жасап отыр. Нәтиже жаман емес, соңғы 10 жылда өңдеу өнеркәсібі 13%-ке өскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүкіл еліміз бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа 9 триллион теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады.
Ерлан Нығматуллин, «Алтын сапа» иегері:
- Қарағанды ферроқорытпа зауыты «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша Презденттің «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алды.
Бұл – біздің ұжым үшін үлкен мақтаныш. Ашылғанына екі жыл болған зауыт осы уақыт аралығында біраз табысқа жетті. Біздің өнімдеріміз әлемнің түкпір-түкпіріндегі 47 елге экспортталады. Зауыт экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болып саналады. Қалдықтың 99,8%-ін қайта өңдейміз.
Экспортты жандандыру үшін Президент: «Көрші елдермен арадағы инфрақұрылымды дамыту қажет», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Қорғас» шекара маңында халықаралық орталық табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тағы төрт трансшекаралық хаб салу жоспарда бар. Оның екеуі Ресеймен шекарада, сосын Өзбекстан, Қырғызстан шекараларында салынады. Бұл транзакциялық шығындарды азайтуға, көлік логистикасының тиімділігін арттыруға және экспортымызды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Десе де өнеркәсіп саласындағы мамандар тапшылығы біздегі индустрияландыру үдерісін тежеп отыр», – деді Президент. Сондықтан кадрларды жұмыс орнында оқытып, біліктілігін арттыру қажеттігін тапсырды. Бұл қолдаулар – отандық тауар өндірушілерді «қазақстандық бренд» атағына бастайтын алғашқы қадам болмақ. Бұл – нарық көшбасшыларының қатарына қосылуға зор мүмкіндік.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Азамат Саметов, Айдос Ентебеков